Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Чемпион болмаса асфальт салынбай ма": Сметов тұратын көшенің видеосы желіде қызу талқыға түсті

Жарияланған күні:

Асфальт
Елдос Сметов тұратын көшеге салынған асфальт. Скриншот: instagram.com/islambek.dastan

Желіде дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов тұратын көшеге жаңа асфальт төселгені түсірілген видео тарады. Желіде қызу талқыға түскен видеоға қатысты Жамбыл облысы әкімдігінің өкілі пікір білдіріп, асфальт кімнің қаражаты есебінен салынғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Елдос Сметов тұратын көшеге жаңа асфальт төселгені бейнеленген видеоны журналист, Жамбыл облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Исламбек Дастан Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.

"Елдос Сметовтың үйіне баратын жолға асфальт төселді. Мақтану емес", - деп жазды журналист.

Бұл жазбаға желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды.

"Чемпион болмаса асфальт салынбай ма?", "Әр ауылдан чемпион шықса жолдарымыз қатып кетеді", "Елдос Сметовті қалай күтіп алса да жарасады", "Өз еліңе туыңды тік! Өз қолымен асфальт төсемесе де, еңбегімен, абыройымен жасады", "Сметовпен көрші тұрған да бақыт екен ғой", "Жамбылдан чемпиондар шыға берсін, көшелер жөнделе берсін деп тілейік," - деп жазып жатыр оқырмандар.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахмет KAZ.NUR.KZ тілшісіне асфальтты кімдер төсегенін айтты.

"Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Қарой ауылдық округіне қарасты Сұлутөр ауылындағы Т.Жайынбаев көшесінің жолын жөндеу жұмыстары демеушілердің тарапынан жүргізілді. Бұл Елдос Сметов тұратын көше, бірақ демеушілер тарапынан жасалды", - деді Жанғазы Ахмет.

Еске сала кетсек, бүгін Елдос Сметов бастаған дзюдодан Қазақстан құрамасы елге оралды. Оларды қазақстандықтар Алматы әуежайында күтіп алды. Елдос Сметов ыстық ықыласпен қарсы алған жанкүйерлерге алғыс айтты.

Елдос Сметов Париж Олимпиадасының финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын медаль еншілеген болатын. Осылайша, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ үш дүркін Олимпиада жүлдегері болды. Ол Риода күміс, Токиода қола медаль иеленген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2144502-chempion-bolmasa-asfalt-salynbai-ma-smetov-turatyn-koshening-videosy-zhelide-qyzu-talqyga-tusti/