Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының мүшесі Ольга Сафронова Париж Олимпиадасының жартылай финалына жолдама алу үшін жұбаныш кезеңінде өнер көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ольга Сафронова 200 метрге жүгіру сайысының жұбаныш кезеңінде бақ сынап, мәреге соңғы – алтыншы болып келді. Ол мәре сызығын 23,70 секундта кесіп өтті.
Сондай-ақ Ольга Сафронова 200 метрге жүгіру сайысының іріктеу кезеңінде бақ сынап, 23,58 cекунд нәтижені тіркеп, мәре сызығын соңғы – жетінші болып кескен болатын.
Айта кетейік, Ольга Сафронова Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында боксшы Асланбек Шымбергеновпен бірге Қазақстан туын ұстап шыққан еді.
32 жастағы жеңіл атлет Ольга Сафронова бұған дейін Лондон (2012), Рио (2016), Токио (2021) Олимпиадаларына қатысқан болатын. Алайда қазақстандық спортшы бұл додаларда жүлде еншілей алмады.
Қазақстандық жеңіл атлеттердің ішінен Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру жарысында оза шауып, ақтық кезеңге жолдама алды.
- Қазақстандық спортшылар командалық бәсекеде сынға түсті
- Бес дүркін Олимпиада чемпионы Қазақстан халқына алғыс айтты
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2144712-olimpiadanyng-ashyluynda-tu-ustap-shyqqan-zhengil-atlet-finaldyq-kezengge-ote-almady/