Неміс футболшысы Томас Мюллердің жылқысы Чекер Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Чекер шабандоз Кристиан Кукукпен бірге жекелей сында топ жарып, Олимпиаданың алтын жүлдесін жеңіп алды. Олар финалда Швейцариядан және Нидерланд елінен келген қатысушыларды басып озды.
Айта кетейік, Чекер – футболдан 2014 жылғы әлем чемпионы Томас Мюллер мен неміс кәсіпкері Мадлен Винтер-Шульцтің ортақ тұлпары.
"Олар маған осы жылқымен жарысқа қатысуға мүмкіндік берді. Мен мұндай оқиғаны бастан кешіп көрмеппін. Бұл керемет сәт болды. Сайыста өте жақсы өнер көрсеткен Чекерді мақтан тұтамын", - деді шабандоз Кристиан Кукук.
Томас Мюллердің жұбайы Лиза кәсіби түрде ат спортымен айналысады. Ерлі-зайыптының жылқы фермасы да бар.
Еске сала кетсек, Томас Мюллер Германия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде мәлімдеген еді. Оның ұлттық құрамадағы соңғы матчы Еуропа чемпионатының 1/4 финалында болды. Бұл ойында Германия құрамасы Испанияға қарсы матч өткізіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2145781-futbolshy-tomas-miullerding-tulpary-olimpiada-chempiony-atandy/