Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда мемлекет қаржыландыратын спорт түрлері үш есеге қысқартылмақ

Жарияланған күні:

Футбол алаңы
Футбол. Көрнекі фото: Lighthouse films/Getty images

Қазіргі таңда елімізде ресми түрде 180 спорт түрі тіркелген. Соның 50-і ғана жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енеді. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржыландырылатын спорт түрлерін үш есеге қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan ұлттық телеарнасы.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қазақстанда мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерінің саны 180-нен 60-70-ке дейін қысқартылуы жоспарлануда.
  • Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, Олимпиада бағдарламасына кіретін және нақты нәтиже көрсететін спорт түрлерін ғана қаржыландыру қажет.
  • Жаңа заң жобасы бойынша футбол, волейбол, баскетбол және хоккей клубтарындағы легионерлерге мемлекет тарапынан жалақы төлеу тоқтатылуы мүмкін.

Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 7 медаль иеленіп, командалық есепте 43-орынға жайғасты. Көршілес Өзбекстан 8 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 13-орынға тұрақтады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Amanat" фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев көршілес елдің нәтижесін мысалға ала отырып, Олимпиада бағдарламасына кіретін нақты нәтиже әкелетін спорт түрлерін ғана қаржыландыру керек деп санайды.

"Біздің Спорт министрлігіміз бүгінге дейін 180 спорт түрін ресми спорт түрі деп бекіткен. Жоғары жетістіктер спорты дейді. Жоғары жетістіктер спортына жылына 775 млн АҚШ доллары бөлініп келген. Өзбекстан бізден 10 есе аз спорт түріне қаржы бөледі. Олар жоғары жетістіктер спорты не екенін біледі, әлемнің бәрі біледі. Біз әрине бюджеттің ақшасын аламыз, 180 спорт түріне бөліп тастаймыз бітті. Ақшаның қайда кеткенін таппай қаласыз. Ал, сол ақшаны еселеп азайтып, тиісті спорт түрлеріне бөлсек әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетуге болар еді", - дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Мәжіліс депутаттары арнайы жұмыс тобын құрып, мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерін азайту туралы арнайы заң жобасын мақұлдаған. Қазіргі уақытта құжат Үкіметтің қарауында және бұл мәселе бойынша ҚР Туризм және спорт министрлігі де хабардар. Ендігі уақытта министрлік олимпиадалық, ұлттық, пара және сурдалимпиялық спорт түрлерін ғана қаржыландырмақ.

"Көрші мемлекеттерді алатын болсақ, Ұлыбритания 15, Беларусь 17, көршілеріміз де 20-ға жуық спорт түрлерін қаржыландырылады. Біз де соған келуіміз керек. Қазір 180 спорт түрінен 60-70 спорт түрін қалдырайық деп отырмыз. Олар әрине Әлем чемпионаттарында, Олимпиадаларда, дүбірлі додаларда бізге медаль алып келетін яғни, әр уақытта жүлдемен қайтатын спорт түрлері. Қалған спорт түрлері дамымайды емес, дамиды. Бірақ оларға деген мемлекеттен бөлінетін қаражат біртіндеп азая бастайды", - деді ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп.

Қалған спорт түрлерін дамыту үшін алдағы уақытта федерациялар демеушілердің көмегіне жүгінуі керек. Алайда сарапшылар бұл мәселе оңайға соқпайды деп пікір білдірді.

"Қазақстанда қазір демеуші табу өте қиын болып барады. Бұл жағынан көбіне букмекерлік кеңселер демеушілік етіп жатыр иә?! Оларға да көп шектеулер қойылып жатыр. Сондықтан ертең біраз әңгімелер болуы заңдылық деп ойлаймын", - деді спорт сарапшысы Бек Төлеу.

Мәжілісте қолға алынған заң жобасына сәйкес, осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан қаржыландырылып келген спорт түрлері 180-нен 60-қа дейін қысқаратын болса, жұмсалып келген (775 млн АҚШ доллары) қаражат та біраз үнемделеді.

Сонымен бірге аталмыш құжатта легионердің де мәселесі көтерілген. Бұдан былай футбол, волейбол, баскетбол мен хоккей клубтарында ойнайтын легионерлерге мемлекет тарапынан жалақы беру тоқтатылуы мүмкін. Олардың жалақысы демеушілердің мойнына жүктелмек. Егер тиісті заң жобасы қабылданатын болса легионерлердің трансферіне де шектеу қойылады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2151345-qazaqstanda-memleket-qarzhylandyratyn-sport-turleri-ush-esege-qysqartylmaq/