XVII жазғы Паралимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылардың алғашқы легі Парижге аттанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін волейболды отырып ойнау, пара үстел теннисі және пара жүзу құрамаларының спортшылары Францияға жол тартты.
Париж Паралимпиадасына волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама 28 жылдан кейін алғаш рет қатыспақ. Ал пара үстел теннисінен Қазақстан құрамасы биыл алғаш рет Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды.
Пара жүзу спортшылары арасында Лондон-2012 Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Сиязбек Дәлиев пен Амир Мұратбеков бар.
Қазақстан құрамасының спортшылары Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.
Еске салайық, премьер-Министр Олжас Бектенов Паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы мүшелерімен кездесіп, оларға мемлекеттік туды табыстаған еді. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында Қазақстан туын Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетовке (отырып ойнайтын волейбол) және Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиева (пара оқ ату) алып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2152072-paralimpiada-2024-qazaqstandyq-sportshylardyng-algashqy-legi-parizhge-attandy-video/