Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірі Тунисте, енді бірі Беларусьте жүр: шетелдегі қазақ бапкерлері жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

Таеквондошы Мохамед Халиль Жендуби мен Тунис құрамасының бапкерлері (оң жақта Есбол Сұлтанов)
Таеквондошы Мохамед Халиль Жендуби мен Тунис құрамасының бапкерлері (оң жақта Есбол Сұлтанов). Фото: Alex Pantling/Getty Images

Өзге елдің намысын қорғап жүрген спортшыларды білгенімізбен, білімі мен тәжірибесін Қазақстаннан тыс аймақта бөлісіп жүрген бапкерлерден бейхабармыз. Талай қазақ бапкері шетелде жемісті еңбек етіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін паш етуде. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі шетелде қызмет етіп, нәтиже көрсетіп жүрген қазақ бапкерлері туралы материал ұсынады.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Бақыт Сәрсекбаев, Есбол Сұлтанов, Жұматай Шубаев, Асқар Сәрсенбаев және Артур Сұлтанғалиев сияқты қазақ бапкерлері шетелде жемісті еңбек етіп, жоғары нәтижелер көрсетуде.
  • Бақыт Сәрсекбаев Вьетнамда бокстан Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкері, ал Есбол Сұлтанов таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері ретінде жұмыс істейді.
  • Жұматай Шубаев 37 жыл бойы Беларусьте еркін күрестен балуандарды баптап келеді, Асқар Сәрсенбаев Финляндия бокс құрамасының бапкері, ал Артур Сұлтанғалиев шорт-тректен Түркия құрамасының бас бапкері болып табылады.

1. Бақыт Сәрсекбаев

2008 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев қазіргі уақытта Вьетнамда бапкер болып еңбек етіп жүргенін айтқан еді. Ол бокстан Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкері. Өзінің айтуынша, биылғы Вьетнам чемпионатында шәкірттері 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орынды олжалады.

Өз мансабында Олимп шыңын бағындырумен қатар, Бақыт Сәрсекбаев үш мәрте Азия чемпионатында топ жарған (2002, 2005, 2007). Сондай-ақ 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған.

Бақыт Сәрсекбаев
Фото: Бақыт Сәрсекбаев/zimbio.com

2. Есбол Сұлтанов

Франция астанасы Париж Олимпиадасынан кейін көпшілік Есбол Сұлтановтың есіміне қанық бола бастады. Ол таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері. Парижде өткен дүбірлі додада шәкірттерінің бірі қола медаль жеңіп алса, бірі Олимпиада чемпионы атанды.

Есбол Сұлтанов таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері ретінде 2023 жылдың қыркүйегінен айынан еңбек етіп келеді. Ол спортшы ретінде 2007 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионатында ерлер арасында 72 кг дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған. Сондай-ақ 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында және 2007 жылы Бангкокта өткен жазғы Универсиадада өнер көрсеткен.

Есбол Сұлтанов Париждегі жазғы Олимпиада ойындарынан кейін сайтымыздың тілшісіне сұқбат беріп, өзінің мансабы мен жоспары туралы айтқан болатын.

Тунис құрамасының бапкерлері мен таеквондошы Фирас Катоуси (сол жақта Есбол Сұлтанов)
Тунис құрамасының бапкерлері мен таеквондошы Фирас Катоуси (сол жақта Есбол Сұлтанов). Фото: Tnani Badreddine/DeFodi Images via Getty Images

3. Жұматай Шубаев

37 жыл бойы Беларусь елінде еркін күрестен балуандарды баптап жүрген тағы бір қазақ жаттықтырушысы – Жұматай Шубаев. Ұлытау облысының тумасы Жұматай Шубаев 1987 жылы 15 жасында Беларусь еліне қоныс аударып, әлі күнге дейін сол жақтағы балуандардың бабы мен бағын келістіріп, жетістікке жетелеп жүр. Бастапқыда Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінде бапкер болды. Ал қазіргі уақытта еркін күрестен Беларусь Республикасы ұлттық командасының бапкері болып еңбек етіп жүр.

Сайтымыздың тілшісіне берген сұқбатында Жұматай Шубаев алдағы уақытта қазақ балуандарын баптудан тартынбайтынын айтқан еді.

Жұматай Шубаев
Жұматай Шубаев: instagram.com / zhumataishubaev

4. Асқар Сәрсенбаев

Асқар Сәрсенбаев – бокстан Финляндия құрамасының бапкері. Кентау қаласының тумасы 1990-жылдардың басында Финляндияға қоныс аударып, осы елде бокс саласын жан-жақты дамытуға күш салады. Асқар Сәрсенбаев жаттықтыратын Вилле Хукканен бокстан Еуропа біріншілігінде екі мәрте қола жүлде еншілейді.

Шәкірттерінің ішінде боксшы Мира Потконен 2016 жылғы Рио Олимпидасында, 2021 жылғы Токио Олимпиадасында 60 кг дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болса, 2018, 2019 жылдары екі мәрте Еуропа чемпионатында топ жарған.

Асқар Сәрсенбаев шәкірттерімен
Асқар Сәрсенбаев шәкірттерімен. Фото: bassport.kz

5. Артур Сұлтанғалиев

Жазғы спорт түрлерімен қатар қазақ жаттықтырушылары қысқы спорт түрлері бойынша да шетелде бапкер болып еңбек етіп жүр. Соның бірі – шорт-тректен Түркия құрамасының бас бапкері Артур Сұлтанғалиев. Батыс Қазақстан облысының тумасы 2009-2013 жылдар арасында шорт-тректен Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен. Жарақатына байланысты 2014 жылы спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болған. Ал 2014 жылы Түркия шорт-трек федерациясына хат жолдап, аталған елдің құрамасын жаттықтыруға ниет білдірген. Сол уақыттан бері Артур Сұлтанғалиев шорт-тректен Түркия құрамасын даярлап келеді.

Шорт-тректен аутсайдерлер қатарында жүрген Түркия құрамасы Артурдың арқасында халықаралық бәсекелерде жүлделі орындарға таласа алатын командаға айналды. Хазар Карагол есімді спортшы 2017 жылы Еуропа жастар фестивалінде күміс жүлде еншілесе, Фуркан Акар 2019 жылы Еуропа жастар фестивалінде күміс және қола жүлде жеңіп алады.

Сондай-ақ Фуркан Акар 2021/22 жылғы маусымда шорт-тректен әлем кубогының қорытындысы бойынша 17-орынға табан тіреді. Бұл шорт-тректен Түркия құрамасының тарихында тұңғыш рет қысқы Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін сыйлады. 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарында Фуркан 1000 метрлік қашықтықта 6-орынға ие болып, Түркия қысқы спорт тарихындағы үздік нәтиеже қол жеткізді.

Артур Сұлтанғалиев борт жанында
Артур Сұлтанғалиев. Фото: Сали Сабиров

Еске салайық, шетелдегі қазақ спортшылары Париж Олимпиадасында қандай нәтиже көрсеткенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2152609-biri-tuniste-endi-biri-beloruste-zhur-sheteldegi-qazaq-bapkerleri-zhaily-ne-bilemiz/