Танымал имам, дінтанушы, теолог Нұрлан Байжігітұлы YouTube желісіндегі "Қасқа жол" арнасына берген сұқбатында спорттағы дін мәселесі бойынша пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
- Дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы спорттағы дін мәселесі бойынша пікір білдіріп, діннің спортқа қарсылығы жоқ екенін айтты.
- Имам спортшылардың Олимпиада кезінде "Алланың қалауы" деген сөздеріне қатысты түсініктеме беріп, олардың барын салғанын атап өтті.
- Нұрлан Байжігітұлы спортшылардың сақал қою мәселесіне де тоқталып, бұл идеологиялық тақырыпқа айналып кеткенін және сақалдың спорттық жетістіктерге кедергі болмайтынын айтты.
Парижде өткен Олимпиада ойындарында бақ сынаған спортшыларымыздың кейбірі сұқбатында "Алланың қалауы, Алла нәсіп етпеген ғой" деген сипаттағы өздерді айтты деп көпшілік сынға алған болатын. Бұл туралы Нұрлан имам діннің спортқа еш қарсылығы жоқ дейді.
"Біздің спортшыларымыз барын салды деп есептеймін. Деңгейі сол шығар, әрекеті сол шығар, бұйырғаны сол шығар. Бұл туралы тиісті мекемелер зерттей жатар. Біреу ұрып жатса, қарап тұрып: "Құдайдың тағдыры шығар", - деп қарап тұрған жоқ қой. Бар күшін салды. Меніңше олар барын салды. Сондықтан діннің спортқа қарсылығы жоқ", - деді Нұрлан Байжігітұлы.
Сонымен қатар Нұрлан имам спортшылардың сақал қою мәселесі туралы да пікірін білдірді.
"Олимпиадаға дайындалып жүріп, дұрыстап қырынуға мүмкіндік болмаған шығар. Қазіргі уақытта бұл идеологиялық тақырыпқа айналып кетті. Қырғызстандық спортшылардың біразының сақалы болды. Олимп шыңын бағындыру үшін оларға сақал кедергі болды ма? Жоқ, сақал кедергі болған жоқ. Біз қазір біреуді талдағанды құмар болып бара жатырмыз...
Бүкіл қазақтың рухын оятып берген бір Елдостың қуанышы үшін оның сақалын талдайтын дәрежеге жеттік пе?! Ешкім сақалын алға қоймайды, еңбегін додаға салады", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.
Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль еншіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2153326-nurlan-imam-olimpiada-shyngyn-bagyndyru-ushin-olarga-saqal-kedergi-boldy-ma/