Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуінде ең алдымен, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі", - деді президент.
Айта кетейік, Елдос Сметов Париж татамиіндегі доданың финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын жүлде еншілеген еді. Осылайша дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.
Сондай-ақ Сметов үш дүркін Олимпиада жүлдегері болды. Ол Рио-2016 бәсекесінде күміс, Токио-2020 додасында қола медаль жеңіп алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2153850-sozingde-turdyng-toqaev-olimpiada-chempiony-eldos-smetovting-zhengisin-erekshe-atap-otti/