Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуі барысында шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысының айтуынша, кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі.
"Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн",- деді президент.
Еске салайық, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласындағы олқылық, жемқорлық туралы айтқан еді.
Бүгін, 27 тамызда мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті. Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте 43-орынға тұрақтаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2153854-kop-umit-kuttiretin-atletterimizding-zholyn-kesedi-toqaev-sheteldik-sportshylarga-azamattyq-beru-tazhiribesin-dogaru-kerek-ekenin-aitty/