Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстанға алдамшы жетістіктер керек емес": Тоқаев спорт саласында ауқымды реформа жүргізілетінін мәлімдеді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін бұқаралық спортқа жүйелі қолдау көрсету, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін еске салды. Бұл туралы Ақорда ресми сайтында хабарлады.

Бүгін, 27 тамызда мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді Париж Олимпиадасындағы жетістіктерімен құттықтап, әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі екеніне назар аударды.

"Біз осы мақсатта денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларында ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Сондықтан қалайда медаль алу біздің жол емес. Бұған дейін жалған атақтың жетегіне еріп, түрлі қитұрқы әрекеттер жасалғаны бәрімізге мәлім. Соның нәтижесінде көптеген спортшы денсаулығынан айырылды. Олар спорттан біржолата кетті. Еліміздің абырой-беделіне нұқсан келді. Қазақстанға бір сәттік, алдамшы жетістіктер керек емес. Жұрттың біз туралы не ойлайтынына алаңдамай, төл болмыс-бітімімізді сақтауымыз керек.

Жан-жағымызға жалтақтамай, алға қарай батыл әрі жүйелі қадам басуымыз қажет. Кез келген нәрсеге бола салымыз суға кетіп, күңіре бергеннен, күйзеліске түскеннен пайда жоқ. Бұл жөнінде мен бұған дейін де айтқан едім. Біздің мақсатымыз баршаға айқын. Бұл озық ел болу. Сондықтан біз бір ел, бір халық болып, тек алға қарай жүруіміз керек. Олимпиаданың ең басты құндылығы медаль ғана емес. Жаһандық бәсеке кезінде тұтас еліміз өзара тілектес, ниеттес болды. Ең басты құндылық осы", - деді мемлекет басшысы.

Салтанатты жиында Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов, байрақты бәсекенің қола жүлдегерлері, мерген Александра Ле мен боксшы Назым Қызайбай сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2153866-qazaqstanga-aldamshy-zhetistikter-kerek-emes-toqaev-sport-salasynda-auqymdy-reforma-zhurgiziletinin-malemdedi/