Қазақ хоккейінің тарихы қашаннан басталады? Қазақтан шыққан тұңғыш хоккейшілер, олардың жетістігі туралы не білеміз? KAZ.NUR.KZ-тің кезекті материалын хоккейге, оның ішінде өз заманында жұлдыздай жарқыраған хоккейшілерге арнап отырмыз.
- Қазақ хоккейінің даму тарихы 1950 жылдардың ортасынан басталып, Алматы, Өскемен, Петропавл, Орал қалаларында алғашқы командалар құрылған.
- Көгалдағы хоккейден Мұрат Жексенбеков, Саян Шаймерденов, Серік Қалымбаев сияқты қазақ спортшылары Еуропа чемпиондары кубогын жеңіп алып, бірнеше рекорд орнатқан.
- Мұрат Жексенбеков КСРО чемпионатында 18 рет чемпион атанған жалғыз ойыншы болса, Саян Шаймерденов қазақ жастарының ішінен Кеңес Одағы құрамасына алғаш енген хоккейші болған.
Хоккей – командалық спорт түрі. Ойын жазда көгалда доппен, қыста шайба және доппен мұз үстінде өтеді:
- қара допты хоккей;
- көгалдағы хоккей;
- шайбалы хоккей.
Көгалдағы хоккейден 1886 жылы 18 қаңтарда ресми түрде Бірінші ұлттық қауымдастық құрылып, ережелер жиынтығы бекітілді.
- 1895 жылы көгалдағы хоккейден алғашқы халықаралық кездесу Ирландия мен Уэльс құрамаларының арасында өтті.
- 1924 жылғы 7 қаңтарда Парижде көгалдағы хоккейден халықаралық федерация құрылды.
- 1908 жылы ерлер арасындағы көгалдағы хоккей, 1980 жылы әйелдер арасындағы көгалдағы хоккей жазғы Олимпиада бағдарламасына енгізілді.
Шайбалы хоккейдің отаны Канада саналады. Хоккей ережесін 1879 жылы Монреаль университетінің студенттері жазған. Кейін ағаш шайбаның орнын резеңке шайба басады, оған Робертсон деген канадалық себепкер болады. 1885 жылы әуесқой хоккей лигасы құрылып, ойынның ресми ережесі жарияланған.
- Ерлер хоккейі қысқы Олимпиада бағдарламасына 1920 жылы кіргізілген.
- Шайбалы хоккейден ерлер арасындағы жарыс 1924 жылғы қысқы Олимпиададан бастап ойын бағдарламасына енген.
- Әйелдер 1998 жылғы қысқы ойындардан бері бақ сынайды.
"Қазақ хоккейінің тарихы" атты мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, қазақ хоккейінің дамуы 50-жылдардың ортасына тұспа-тұс келеді. Алматы, Өскемен, Петропавл, Орал қалаларында құрылған командалар жаңа ойынның пионерлері ретінде танылған.
Көгалдағы хоккей: Еуропаны мойындатқан қазақ хоккейшілері
Сөз басында көгалдағы хоккейге бекер тоқталған жоқпыз. Бұл спорт түрінен Мұрат Жексенбеков, Саян Шаймерденов, Серік Қалымбаев, Марат Маңғыбаев сынды жасындай жарқыраған спортшылар шығып, біреше рет рекорд орнатып, Еуропа чемпиондары кубогында жеңімпаз атанған.
Көгалдағы хоккейден Еуропа чемпиондары кубогының екі мәрте жеңімпазы Мұрат Жексенбеков – Эдуард Айрих тізгінін ұстаған Алматының "Динамо" командасының капитаны және Кеңес Одағының жоғары топтағы командаларында доптаяғын сол жағына ұстаған бірден-бір ойыншы болған әрі екі бірдей рекордтың иесі.
Белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек Мұрат Жексенбеков жайында мынандай естелік айтады:
ССРО чемпионатында бақ сынаған 14 команданың Жексенбековтен басқа барлық ойыншысы доптаяқты оң жағына ұстаса, біздің бауыр доптаяқтың қайқы басын төмен қаратып, сол жағына ұстайтын. Соның өзінде Кеңес Одағы мен Еуропаның небір айтулы шабуылшылары тасқамал қазақтан тайсақтап тұратын.
Қорғаушы Мұрат Жексенбеков көгалдағы хоккейден Кеңес Одағының 18 дүркін чемпионы атанған одақтағы жалғыз ойыншы болған. Спорт журналистері Жексенбековтің бұл рекордын совет империясы тарқағанша ешкім өзгерте алмағанын айтады.
- Ол бұл атағына қоса 1977 жылы допты хоккейден Одақ чемпионы атағын жеңіп алды. 1977-1986 жылдары қатарынан 10 рет Кеңес Одағының 22 үздік ойыншыcының қатарына енді.
- Сонымен қатар Одақ чемпионаттарында алаңға ең көп шыққан хоккейші атанған. 1971-1992 жылдары Жексенбеков Алматының "Динамосының" сапында чемпионат кестесіне орай 540 ойынға қатысқан.
- Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.
Саян Шаймерденов – хоккейден қазақ жастарының ішінен Кеңес Одағының құрамасына енген тұңғыш ойыншы, көгалдағы хоккейден жастар және ересектер арасында КСРО-ның 10 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1982), Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы (1982 ж.) Хоккейші туралы "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген мақалада КСРО-ның құрметті жаттықтырушысы Эдуард Айрихтің мына бір пікірі келтіріліпті.
Саян дара туған талант, ғажайып хоккейші, ол алаңда болмаса, команданың ойыны қиыспайды. Шабуылдың бәрі сүреңсіз көрінеді. Ал Саян алаңға шықса, жұдырықтай допты өзіне магнитше тартады. Команданың орталық шабуылы осы жігітке сеніп тапсырылған.
Шаймерденов совет құрамасына 1977 жылы қабылданған. Сол жылы ол Одақ құрамасы сапында Континентаралық кубок жарысында қола жүлдегер атанды.
- 1979 жылы құрамында Шаймерденов ойнаған одақ құрамасы "Достық" халықаралық турнирінде топ жарды.
- 1979 жылғы совет халықтары спартакиадасының жеңімпазы.
- 1975-1981 жылдары қатарынан 7 рет одақтың ең күшті 22 ойыншысының қатарына кірді.
- Шабуылшы Саян Шаймерденов Одақ құрамасы сапында 48 рет сынға түсіп, қарсы қақпаға 9 доп салды.
- Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы.
Өкініштісі, Мәскеу олимпиадасына қатысуға толық мүмкіндігі болғанымен, Олимпиада қарсаңында бауыры қатты ауырып, ауруханаға түскендіктен, алаңға шыға алмаған.
Серік Қалымбаев көгалдағы хоккейден Еуропа чемпиондары кубогының 2 мәрте жеңімпазы (1982, 1983 ж.ж.) Кеңес Одағының қатарынан 11 дүркін чемпионы (1981-1991) атанған.
- Саңлақ шабуылшы Совет құрамасының сапында 58 ойынға қатысқан.
- 1983-1989 жылдары 7 рет одақтың ең таңдаулы 22 ойыншысының қатарына кірді.
- Кеңес Одағы кубогының 5 дүркін жеңімпазы.
- Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.
Заманында жұлдыздай жарқыраан бұл спортшыларымыздың аты ұмытылмауы, ал олардың шеберлігі келер ұрпаққа үлгі болуы керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2156271-kenges-odagynda-18-durkin-chempion-atangan-zhalgyz-oiynshy-qazaqtan-shyqqan-tunggysh-hokkeishiler-zhaily-ne-bilemiz/