Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: жүлде қоры және жарыстың ерекшелігі жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Фото: Mehmet Eser/Anadolu Agency via Getty Images

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына екі күн қалды. Астанада өтетін дүбірлі додада 89 елдің спортшылары бақ сынайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді, оған 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады және 21 спорт түрі бойынша 581 медаль сарапқа салынады.
  • Жарыстар 7 спорттық нысанда өтеді, соның ішінде "Астана-Арена" стадионы, "Қазанат" ипподромы және "Жекпе-жек" сарайы бар, сонымен қатар "Көшпенділер Әлемі" этноауылы ұйымдастырылады.
  • Бағдарламаға қазақтың дәстүрлі ойындары кіреді, билеттер 1000-15000 теңге аралығында, ал кейбір санаттағы адамдарға жеңілдіктер қарастырылған.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық сайыс. Көшпенділердің өмір салты мен дәстүрін дәріптейтін бұл дода әр екі жыл сайын өткізіледі. Биылғы шараға әлемнің 89 елінен 2000-нан астам қатысушы келеді деп күтілуде. Дүнииежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге.

Алғаш рет бұл турнир 2014 жылдың 9-14 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Чолпон-Ата қаласында өтті. Бәсекеге 19 елден келген 583 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтаған болатын.

Биыл Астанада өтетін аламан бесінші рет ұйымдастырылып жатыр. Осыған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 3 рет Қырғызстанда өтсе, 2022 жылғы дода Түркияның Изник қаласында ұйымдастырылған.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қандай спорт кешендерінде өтеді?

Астанада өтетін дода 7 спорттық нысанда өтеді:

  • "Астана-Арена" стадионы;
  • "Қазанат" ипподромы;
  • Жақсылық Үшкемпіров атындағы "Жекпе-жек" сарайы;
  • "Алау" мұз сарайы;
  • "Qazaqstan" жеңіл атлетикалық спорт кешені;
  • "Думан" кешені;
  • Ұлттық музей.

Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында "Қазанат" ипподромының жанында "Көшпенділер Әлемі" деп аталатын этноауыл ұйымдастырылады. Онда әрбір қонақ қазақ халқының бай рухани әлеміне еніп, көшпенді халықтардың өзіндік мәдениетімен таныса алады.

Әрбір күн этноауылда қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін көрсететін "Шаттық керуені" атты керемет шерумен басталады. Сондай-ақ этноауылда "Шығыс базары" ашылады және халқымыздың ұлттық тағамдарын танытатын мейрамханалар да ұйымдастырылады.

Бұл додаға шетелден 100 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде.

Сайыстар мен спорт түрлері

Биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына 21 спорт түрі кірді. Соның ішінде қазақ халқының дәстүрлі ойындары да бар:

  • Асық ату;
  • Арқан тарту;
  • Бәйге;
  • Көкпар;
  • Аударыспақ;
  • Қазақ күресі;
  • Жамбы ату.

Осы сайыстардан бөлек спортшылар теңге ілу, алыш, садақ ату, құсбегілік секілді бәсекелер бойынша да бақтарын сынайды. Сондай-ақ интеллектуалды ойындар да ұйымдастырылады (тоғызқұмалақ, мангала, овари).

Билеттердің құны қанша

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау үшін билеттер наурыз айында сатылымға шыққан болатын. Ересектер үшін билеттің құны – 1000-15 000 теңге. Сонымен қатар оқушылар, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Тегін билеттер төмендегі санаттағы жандарға беріледі:

  • 0-5 жас аралығындағы балалар;
  • I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Жеңілдіктер келесі санаттағы жандарға арналған:

  • 6-18 жас аралығындағы оқушыларға – негізгі тарифтің 50%-ы;
  • зейнеткерлерге – негізгі тарифтің 50%-ы.

Қазіргі уақытта ашылу салтанатына арналған билеттер түгелдей сатылып кетті.

Айта кетейік, Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы сапынан 216 спортшы 21 спорт түрінен бақ сынайды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 42 оқу-жаттығу жиынына қатысты. Оның ішінде 37 жиын ел аумағында, 5-еуі шетелде өткізілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158075-duniezhuzilik-koshpendiler-oiyny-zhulde-qory-zhane-zharystyng-ereksheligi-zhaily-ne-bilemiz/