Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Asel пеш пен шәйнек сыйлаған": қол күрестен екі дүркін әлем чемпионы неге өкпелегенін айтты

Жарияланған күні:

Жарқынай Рахымбаева
Жарқынай Рахымбаева. Фото: "Уақыт көрсетеді" арнасы

Әйелдер арасында қол күрестен төрт дүркін Азия чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Жарқынай Рахымбаева "Уақыт көрсетеді" жобасына берген сұқбатында спорттағы жолы туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Төрт мәрте Азия чемпионы, екі мәрте әлем чемпионы Жарқынай Рахымбаева өзінің спорттағы жетістіктеріне қарамастан, жергілікті басшылықтан лайықты құрмет көрмегенін айтты.
  • Спортшының айтуынша, Меркі ауданының басшылығы оған Asel пеш пен шәйнек сыйлаған, ал Жамбыл облыстық әкімшілігі тіпті шақырмаған.
  • Жарқынай Рахымбаева: "Олимпиадаға кірмесе де, әлемдік додада ту көтеріп келген адамдар құрметке лайық болуы керек" деп өз ойын білдірді.

Жамбыл облысының Меркі ауылының тумасы сұхбатында ішінде жанайайқайы мен өкпесі бар екенін бүкпесіз айтқан.

"Көк ту тек екі жағдайда басқа елдерде көтеріледі, президент басқа елге барғанда және спортшы бірінші орын алғанда. Көк туды көтергенде біз неге құрметпен күтіп алуына лайықты емеспіз? Көңілінен шығатындай жасаса дегің келеді, бірақ осыны айтсақ, жеккөрінішті болып қаласың", - дейді ол.

Оның сөзінше, Меркіден қолкүрестен әлем чемпионы болған адам жоқ.

"2018 жылы алғаш рет чемпион атандым. Сосын осы жолы тағы алдым. Алақандай Меркіден шығып, әлем чемпионы болдым. Меркіні әлемге танытқандай болдым деп ойлаймын. Қайда жүрсем де Меркіден екенімді айтып жүремін. Сондықтан осы жаққа келгенде неге елеп-ескермейді екен деген өкініш бар", - дейді спортшы.

Сосын сұхбат алушы оған Asel пеш бергендер кім екенін сұрайды. Жарқынай Рахымбаеваның айтуынша, бұл Азия чемпионатынан келген кезінде Меркі ауданының Бұқаралық спорт басқармасының тарабынан берілген сый. Ал Жамбыл облыстық әкімшілік тіпті шақырмаған. Оның сөзінше, шәйнекті сыйға бергендер де Меркі ауданының басшылығы екен.

Алайда қазіргі таңда спортшыға Меркі ауданының құрметті азаматы атағы берілмек. Бұл туралы спортшының өзіне басшылықтан хабарласып айтқандар болыпты.

Бұдан соң журналист спортшыдан Жамбыл облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы шақырды ма деп сұрайды.

"Жоқ, шақырмады. Азия чемпионатынан келгенімізде бір гүлмен күтіп алыпты. Мен ол кездесуге бара алмадым. (...) Бұл спорт түрі Олимпиадаға кірмеген соң ба екен, әлде біздің басшылар сәл бостау ма деп ойлаймын. Олимпиадаға кірмесе де, әлемдік додада ту көтеріп келген адамдар құрметке лайық болуы керек деп ойлаймын. Өзімді ғана айтқым келмейді, Жамбыл облысының намысын қорғаған бәріміз де құрметке лайықпыз деп ойлаймын", - дейді Рахымбаева.

Айта кетейік, Молдованың Кишиневінде биыл 15-25 тамыз аралығында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған. Додаға 61 елден 1,5 мың адам қатысқан.

"Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан командасы 1-орынға ие болды, құрама қоржынында 256 медаль (82 алтын, 92 күміс, 82 қола), 2 және 3-орындарда Түркия мен Грузия командалары орналасты", - деп хабарлаған еді Қазақстан Армрестлинг федерациясы сол кезде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158413-asel-pesh-pen-shainek-syilagan-qol-kuresten-eki-durkin-alem-chempiony-nege-okpelegenin-aitty/