Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көшпенділер ойындары деген не және оған қандай ұлттық ойын түрлері кіреді

Жарияланған күні:

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанатында ту ұстап тұрған спортшылар
V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты. Фото: akorda.kz

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген дүбірлі сайыс көшпенділердің өмір салты мен дәстүрін дәріптеуді мақсат тұтады әрі екі жылда бір рет өткізіледі.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Дүниежүзілік көшпенділер ойындары - көшпелі халықтардың ұлттық спорт түрлерінен өтетін ең ірі халықаралық жарыс, ол екі жылда бір рет ұйымдастырылады.
  • V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы қыркүйекте Қазақстанда өтті, оған 100-ден астам елден 2000-нан астам спортшы қатысты.
  • Көшпенділер ойындарының бағдарламасына ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, зияткерлік ойындар, құсбегілік сияқты 21 спорт түрі енгізілген.

Көшпенділер ойындарының ерекшелігі

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу идеясы қырғыз халқына тиесілі. Алғаш рет Қырғыз Республикасында ұйымдастырылған халықаралық спорттық сайыс жыл өткен сайын кең танылып, жылдан-жылға ауқымын кеңейтіп келеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Дүбірлі дода алғаш рет 2014 жылы 9-14 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында ұйымдастырылып, араға екі жылдан уақыт салып, үш рет қатарынан осы елде өтті:

  • 2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы.
  • 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1 200 спортшы.
  • 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2 мың спортшы.

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткізілді. Оған 13 спорт түрінен 82 елден 3 мың спортшы қатысты.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары "Ұлы дала дүбірі" ұранымен Қазақстанда ұйымдастырылды. Халықаралық шараның ашылу салтанаты 8 қыркүйекте Астанада өтті.

Көшпенділер ойындарын өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін және қатысатын елдердің тізімі кеңейе түскен.

Астанада өткен Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан барлығы екі мыңнан астам спортшы келді. Олар Астананың ең үздік спорт алаңдарында 21 спорт түрінен сынға түсті.

Көшпенділер ойындардың спорттық бағдарламасына қандай спорт түрлері кіреді?

Көшпенділер ойындары ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары сияқты сайыстарды қамтиды. Солардың кейбіріне жеке-жеке тоқталып өтсек.

Асық ату

Асық ату – қазақ халқының ежелден кел жатқан, өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі.

Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Балалар арасында кең тараған ойын ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулыйтын тәрбиенің көзі.

Көшпенділер ойындарында Асық атудан жарыс Қазақстан Республикасының "Асық ату" федерациясының ережесіне сәйкес өткізіледі.

Асық ату сайысы
Асық ату сайысы. Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Әйелдер "Бесасықтан" сайысқа түседі.

Ордо

Ордо – қырғыздардың ұлттық ойыны.

Қырғыздың "ордо" сөзі "хан сарайы", "хан ордасы" деген мағынада қолданылады. Ойынның басты шарты – сол хан сарайын қорғау. Ойыншылар сол хан ордасын қорғау үшін түрлі тактика қолданып, жаудан құтқарудың амалын ойластырады. Көшпенділердің бұл ойыны кезінде хандық билік құрған шақтарда пайда болған деседі. Яғни, сызылған шеңбер ішіндегі орда әскери карта іспеттес.

Ордо ойнап жатқан ойыншы
Ордо ойыны. Фото: worldnomadgames.com

Ойын шартын спортшы Саят Қизат былай түсіндіреді:

"Диаметрі 12 метрлік шеңбер сызылады. Оның ортасына хан ордасы (тиын) орналастырылады. 68 асық қойылады. Қой-ешкінің асықтары қолданылады. Бірақ қырғыздардың малы көбінде таулы аймақта жайылатындықтан асықтары да ірі, арқардікіндей болып келеді. Әр командада 7 ойыншыдан болады. Тағы бір қосымша ойыншы қарастырылады. Әр команда кезегімен 6 метрлік қашықтықтан ортадағы асықтарды қолдағы сақа асықпен соғу немесе шерту арқылы шеңбердің сыртына шығаруға әрекет етуге тиіс".

Арқан тартыс

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арқан тартыстан сайыс Tugof WarInter national Federation (халықаралық арқан тарту федерациясы) ережелері бойынша өткізіледі.

Арқан тартыс екі салмақ дәрежесі бойынша өтеді:

  • Ерлер – 720 келіге дейін.
  • Әйелдер – 560 келіге дейін.
Әйелдер арасындағы арқан тартыс
Арқан тартыс. Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Бәйге

Бәйге – ұлттық спорт ойындарының бір түрі. Ат спортының бұл түрі түркі тектес басқа халықтарда да бар. Мысалы, Бәйге өзбектерде "пайга", қырғыздарда "чабыш" деп аталады.

бәйге
Фото: Great Qazaq Games

Ат жарыстың ара қашықтыққа, жылқы тұқымына қарай мынандай түрлері ұйымдастырылады:

  • Құнан бәйге (11 шақырым);
  • Аламан бәйге (25 шақырым);
  • Топ бәйге (18 шақырым);
  • Ұшқыр бәйге (1600 м, 2400 м, 3200 м);
  • Жорға жарыс.

Көкпар

Көкпар – көшпелілердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойын өнері.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.

Қазақстандық шабандоз
Қазақстандық шабандоз. Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы

Жеңіс өз шеңберіне ең көп серке (нақпішін) тастаған командаға беріледі. Серкенің (нақпішін) салмағы 30-33 келіден аспауы керек.

Көшпенділер ойындарында Көкпар Қазақстан Республикасының "Көкпар" федерациясының ережелері бойынша өткізіледі.

Аударыспақ

Аударыспақ – спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұл ойында екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады.

Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады.

Бірінші аты аталған палуан аударыспақ алаңына қызыл белбеумен, екіншісі көк белбеумен шығады.

Жарыстар ерлер арасында өткізіледі.

Аударыспақ ойыны
Аударыспақ ойыны. Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы

Салмақ категориялары: 60 келіге дейін; 70 келіге дейін; 80 келіге дейін; 90 келіге дейін; 100 келіге дейін; + 100 келі.

Теңге ілу

Теңге ілуде спортшы аз уақыт ішінде барлық теңгені ілуі қажет.

Теңге ілу сайысы 3 бөлімнен тұрады:

  • бесбелес;
  • қос құлаш;
  • жеті құт.

Теңге ілу ұзындығы 150 м, ені 20 м болатын арнайы жабдықталған алаңда өткізіледі.

Теңге ілу
Теңге ілу. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Жарыстар республикалық "Теңге ілу" федерациясының ережесіне сәйкес өткізіледі.

Қазақ күресі

Күрес қолмен аяқтан ұстамай, тік тұрып жүргізіледі. Жерде немесе жатып күресуге болмайды. Қазақ күресінде ерікті түрде киімнен, белбеуден, қол мен денеден бір немесе екі қолмен ұстап, лақтыруға болады.

Күрестің ұзақтығы:

  • Ерлер арасында – 5 минут, белдесу – 1 минут.
  • Әйелдер арасында – 4 минут, белдесу – 1 минут.
қазақша күрес
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Фото: gov.kz

Ерлер: +18 жас 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге идейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін, 100 келіге дейін.

Әйелдер арасында +18 жас: 48 келіге дейін, 52 келіге, 56 келіге дейін, 60 келіге дейін, 65 келіге дейін, 70 келіге дейін, 77 келіге дейін, +77 келі.

Жарыстар Qazaq Kuresi Қауымдастығының ережелері бойынша өткізіледі.

Ашыртмалы аба гюреши

Ашыртмалы аба гюреши – түрік күресінің дәстүрлі түрлерінің бірі. Жарысқа ерлер қатысады. "Ашыртмалы аба гюреши" Ұлттық түрік федерациясының ережесі бойынша өтеді.

Кураш

Кураш – өзбек күресі. Курашта жатып күресуге тыйым салынады. Тек тік тұрып күресуге болады және тек лақтыру мен аяқтан қағуға рұқсат етіледі. Жарысқа ерлер де әйелдер де қатыса алады.

Ерлер салмақ дәрежелері: 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 73 келіге дейін, 81 келіге дейін, 100 келіден жоғары.

Кураш сайысы
Кураш. Фото: ddn24.ru

Әйелдер салмақ дәрежелері: 57 келіге дейін, 70 келіге дейін, 87 келіге дейін.

Күрестің ұзақтығы:

  • Ерлер арасында – 5 минут.
  • Әйелдер арасында – 3 минут.

Көк бөрі

Көк бөрі – Қырғыз халқының жауынгерлік ат спорты өнері. Серкеге иелік еткен шабандоз оны қарсы команданың қазандығына салуы керек.

Көкбөріден Қазақстан құрамасының ойыншылары
Көк бөріден Қазақстан құрамасының ойыншылары. Фото: instagram.com/ulttyqatsport.kz

Алыш

Алыш – қырғыздардың ұлттық белбеу күресі. Әр балуанның мақсаты – белбеуін жібермей, қарсыласын жауырынға жығу.

Жарыстар ерлер арасында классикалық стильде, әйелдер арасында еркін өтеді.

Салмақ дәрежелері:

  • Ерлер арасында (классикалық стиль): 60 келіге дейін, 70 келіге дейін, 80 келіге дейін, 90 келіге дейін, 100 келіге дейін, +100 келі;
  • Әйелдер арасында (еркін): 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 65 келіге дейін, 70 келіге дейін, 75 келіге дейін, +75 келіге дейін.

Мас-рестлинг

Мас-рестлинг (таяқ тартыс) – Ресейдің солтүстік халықтарының ұлтық спорт түрі.

Мас-рестлингте қарсыластар бір-біріне қарама-қарсы отырып, аяқтарын оның шетіне қойылған тақтайға тіреп, екі қолымен таяқшаны ұстайды. Жеңіске жету үшін спортшы қарсыласының қолынан таяқты жұлып алуы немесе оны таяқпен бірге өз жағына тартуы керек. Кездесу бір балуанның екі жеңісіне дейін созылады.

Мас-рестлинг
Мас-рестлинг. Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Жарыстар ерлер мен әйелдер арасында өткізіледі.

Салмақ дәрежелері:

  • Ерлер арасында: 65 келіге дейін, 70 келіге дейін, 80 келіге дейін, 90 келіге дейін, 105 келіге дейін;
  • Әйелдер арасында: 55 келіге дейін, 65 келіге дейін, 75 келіге дейін.

Алыптар сайысы

Алыптар сайысы ерлер арасында өткізіледі.

Салмақ категориясы: 90 келіден жоғары.

Жарыстар 5 түр бойынша өткізіледі:

  • 100 келі тасты көтеріп, оны 10 метрге жылжыту;
  • 100 келілік қаппен отырып тұру;
  • 10 келілік найзаны оң немесе сол қолмен 10 метр қашықтықта тұрған нысанаға лақтыру;
  • 130 келілік бөренені иығына салып, отырып тұру;
  • салмағы 200 кг арбаны 10 метрге сүйреу.
Тас көтеріп бара жатқан спортшы
Алыптар сайысы. Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Тоғызқұмалақ

Тоғызқұмалақ – мыңдаған жылдық тарихы бар, қазіргі уақытта әлемге әйгілі зияткерлік ойындардың ішінде ерекше маңызға ие ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі. Республикамыздың әр түкпірінен табылған, тасқа қашалып қалдырылған тоғызқұмалақ тақтасының бейнелері де ойынның өте ертеде пайда болғанынан хабар береді.

Ойын "Тоғызқұмалақ тақтасы" деп аталатын арнаулы тақтада ойналады (1-сурет). Ойында шар тәріздес құмалақтар пайдаланылады. Бұл тақта тең екі бөлікке бөлінген он сегіз тік және екі көлденең отаулардан тұрады. Тең екі бөліктің әрқайсысында 9-дан отау және бір-бірден қазан болады.

Бұл қазанға әр ойыншы ұтып алған құмалақтарын жинайды. Әр ойыншының қазаны өз бөлігінде емес, қарсыласының жағында орналасады. Отаулардың рет сандары 1-ден 9-ға дейін белгіленіп, солдан оңға қарай орналасқан. Ойын басында әр отауға 9-дан құмалақтар салынады, яғни ойын басталар кезде әр ойыншының жағында 81-ден құмалақтары болып, ойынға жалпы 162 құмалақ қатысады.

Тоғызқұмалақ ойыны
Тоғызқұмалақ. Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Мангала

Мангала түрік халқының зияткерлік ойыны. Екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқырша құрайды, сонымен қатар, ойыншылардың тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыршалары болады. "Мангала" ойыны 48 таспен ойналады.

Овари

Овари – Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны. Оны екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқыршаларды құрайды, сонымен қатар, ойыншыларда тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыршалар болады. Овари ойыны 48 шармен ойналады.

Жамбы ату

Жамбы атудың ерекшелігі – құйғыта шапқан ат үстінде отырып, санаулы секундтар аралығында өте шапшаңдықпен және дәлдікпен садақ ату. Ат үстінен садақ ату – әлемнің көптеген елдерінде кең тараған мергендік өнердің бірі. Қазір осы спорт түрінен республикалық, халықаралық, дүниежүзілік жарыстар тұрақты өткізіліп тұрады. Бізді осы спорт түрімен шұғылдануға қатты қызықтыратыны – мергендік бәсекелерде үздік атану, Әлемдік, халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстан мемлекетінің намысын қорғауға ұмтылу.

Дәстүрлі ат үстінде садақ ату жарысы 4 стильде өткізіледі:

  • корей стилі;
  • түркі стилі;
  • венгр стилі;
  • қазақ стилі.
Ат үстінде шауып келе жатқан мерген
Жамбы ату. Фото: ulttyqatsport.kz

Жарыс жолының ұзындығы – 100м, ені 3м.

Дәстүрлі садақ ату

Дәстүрлі садақ ату – ерлер арасында және әйелдер арасында өткізіледі.

Дәстүрлі садақ ату жарыстары мына қашықтықтарда өткізіледі:

  • 30 м – қазақ нысана жамбысы (әйелдер мен ерлер);
  • 60м (әйелдер) 70м (ерлер) – түріктің пут нысанасы;
  • қалқан нысанасы (50 м. әйелдер 60 м. ерлер);
  • командалық жамбы – 30 м (команда құрамы 3 ер, 2 әйел).
Қазақстандық садақшы
Қазақстандық садақшы. Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы

Құсбегілік

"Құсбегілік" ұлттық спорт түрінен жарыстар бүркіт, қаршыға және сұңқар атты үш түр бойынша өтеді.

Сұңқар салуда сұңқардың ұшу жылдамдығы оны жемге жіберу арқылы бағаланады.

Бүркіт салуда қатысушылар бүркіттерін екі жаттығуда сынайды: құсты қолға шақыру (қолға шақыру) және жемге (шырға салу).

Қаршыға салуда қаршығаның ұшу жылдамдығы оны жемге жіберу арқылы бағаланады.

Көшпенділер ойындарында білек пен жүрек, ақыл мен қайрат, қырағылық пен ептілік сынға түседі. Сайыс болғанымен де ел мен елді жақындастырып, көшпелі халықтардың ғасырлардан келе жатқан дәстүрі мен тұрмыс салтын дәріптейді, ұлттық болмысын танытады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2159271-koshpendiler-oiyndary-degen-ne-zhane-ogan-qandai-ulttyq-oiyn-turleri-kiredi/