Атыраулық бапкер, пара дзюдодан Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы Жандос Қияновтың шәкірттері паралимпиадалық ойындардан екі алтын, үш күміс, үш қола иеленеген. Париждегі төртжылдықтың басты ойындарында парадзюдошыларымыз бес медальге қол жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қазақстан құрамасы Париждегі паралимпиада ойындарында 9 медальге ие болса, соның бесеуін пара дзюдодан жеңіп алды. Жандос Қияновтың жүлдеге ие болған шәкірттері қатарында Ақмарал Науатбек (алтын медаль), Зарина Райфова (қола медаль), Жұрқамырза Шүкірбеков (қола медаль), Даяна Федосова (қола медаль), Ерғали Шамей (күміс медаль) бар.
"Төрт жылдықтың басты ойындарына дайындықты алдыңғы Рио-де-Жанейрода өткен паралимпиада ойындарынан кейін бірден бастап кеттік. Лицензиялық жарыстарға қатысып, жолдамаға қол жеткіздік. Төрт жыл қатарынан күн сайын оқу-жаттығулар өтті. Соңғы дайындығымыз Ыстықкөлде жалғасты. Спортшылар 4 жыл бойы тер төгіп, еңбектеніп, өз маңдай терімен осындай жетістікке жетті. Көк туымызды Париждың төрінде жебіретті. Жеңіс оңай келмеді. Өйтені, кіл мықтылар жиналды", - дейді жаттықтырушы Жандос Қиянов.
Жандос Қияновтың спорт саласының дамуына қосқан үлесі зор. Ол 20 жылдан бері атыраулық спортшыларды тәрбиелеп келеді. Ол дзюдо күресінен, греплинг және пара дзюдодан спорт шеберлерін, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін, Азия, әлем және олимпиада чемпиондарын дайындап, спорт аламанына қосты. Қиянов 10 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандардың спортта жетістікке жетуіне ат салысып жүр. Рио-де-Жанейрода өткен паралимиадада Қияновтың үш бірдей шәкірті күміс жүлдегер атанған болатын.
"Еңбек ақталды. Спортшылар барын салып, аянбады. Жүлдеге ие болған спортшылар енді еңбектің жемісін ғана көретініне сенімдімін", - дейді Жандос Қиянов.
Авторы: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2159304-shakirtterim-paralimpiadadan-segiz-medal-aldy-atyraulyq-bapker-zhengis-qalai-kelgenin-aitty-foto/