Жер шарындағы ең мықты адам строңгмендер ішінен іріктеледі. 2024 жылғы Олимпиада ауыр атлетикадан бірнеше чемпион шықты. Әлемдегі ең төзімді спортшы – Iron Man жеңімпазы.
- Әлемдегі ең мықты адам - британдық Том Столтман, ол The World's Strongest Man жарысының үш дүркін жеңімпазы және 400 кг-дан астам салмақты көтере алады.
- Париж Олимпиадасында ауыр атлетикадан бірнеше чемпион шықты, соның ішінде грузин Лаша Талахадзе, қытайлық Лю Хуаньхуа, болгар Карлос Насар, индонезиялық Ризки Юниансия және қытайлық Ли Фабинь.
- Әлемдегі ең төзімді спортшы ретінде Iron Man триатлонының жеңімпазы француз Сэм Лэйдлау аталды, ол 226 км қашықтықты 8 сағат 6 минут 22 секундта еңсерді.
Том Столтман
Әлемдегі ең мықты адам кім? Әлемдегі ең мықты адам деп строңмендер – түрлі вариацияда өте ауыр заттарды көтере алатын атлеттер арасындағы жарыстың әр жыл сайынғы жеңімпазын атауға болады. The World’s Strongest Man жарысының ұйымдастырушысының мәліметінше, строңмендер арасындағы қазіргі әлем чемпионы британдық Том Столтман.
Бұл мықтының үшінші жеңісі (2021, 2022, 2024). Ол 18 жасынан бастап кәсіби деңгейде өнер көрсетіп келеді, бірнеше әлемдік рекордтардың иегері атанған. Салмағы 185 кг болатын британдық Том Столтман орасан зор салмақты көтеруге қабілетті. Оның әртүрлі нұсқалардағы ең жақсы көрсеткіші 400 кг-дан асады, кейбіреулері тіпті 499 кг-ға жеткен.
Лаша Талахадзе
Олимпиадалық деңгейдегі ең мықты адам грузиялық ауыр атлет Лаша Талахадзе болды. Парижде ол салмағы 102 келіден жоғары ерлер арасында Олимпиада алтынын жеңіп алды.
Ол жұлқа көтеруде спортшы 215 кг-ды, серпе көтеруде 255 кг-ды бағындырды. Лаша Талахадзенің 470 кг-дағы соңғы нәтижесі оның басты қарсыласы армян Вараздат Лалаянды басып озуға мүмкіндік берді. Бұл жүлде зілтеміршінің үшінші алтын медалі болды: Риода (2016) грузин 105 кг-нан жоғары, Токиода (2021) 109 кг-нан жоғары салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Лаша Талахадзе әлем чемпионатында 7 рет, Еуропа чемпионатында 7 рет жеңіске жеткен.
Лю Хуаньхуа
102 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдегі ең мықты зілтемірші қытайлық Лю Хуаньхуа болды. Ол Париж Олимпиадасында алтын медальға ие болды. Бұған дейін ол тек әлем чемпионатында (2023) және түрлі Азия жарыстарында жеңіске жеткен.
Қытайлық спортшы атлетикамен 13 жасынан бастап айналысып келеді. Алғашқы күрделі жарыстарға 2018 жылы 77 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде шыққан. Спортшы біртіндеп ауыр салмақ дәрежесіне жетті: қазір Лю Хуаньхуаның салмағы шамамен 100 кг.
Жеңіске жету үшін қытайлық зілтемірші серпе көтеруде 186 кг, жұлқа көтеруде 220 кг, барлығы 406 кг көтерді.
Карлос Насар
Парижде 89 кг-ға дейінгі салмақта болгариялық ауыр атлет Карлос Насар жеңіске жетті. Карлос әлемдегі ең жас ауыр атлеттердің бірі, ол небәрі 20 жаста.
ХОК мәліметі бойынша, болгарлық спортшы тек алтын медаль алып қана қоймай, Олимпиада жарыстары кезінде бірден екі әлемдік рекорд орната алды – серпе көтеруде (224 кг) және екі жаттығудың қосындысында (404 кг).
Карлос Насар жастар арасындағы жарыстарға 2018 жылдан бастап қатыса бастаған, 2021 жылы әлем чемпионатында және 2023, 2024 жылдары Еуропа чемпионатында жеңіске жетті.
Бір қызығы, Карлос өзінің алғашқы Олимпиада алтынын өзі туып-өскен жері – Парижде жеңіп алды.
Ризки Юниансия
Индонезиялық ауыр атлет Ризки Юниансия 73 кг-ға дейінгі салмақта Олимпиада чемпионы және әлемнің ең мықты зілтеміршісі атанды. Ол жұлқа көтеру мен серпе көтеруден жалпы есепте 354 кг нәтиже көрсетіп, жарыста жеңіске жетіп қана қоймай, серпе көтеруде 199 кг көтеріп, Олимпиада рекордын жаңартты.
Парижде алтын медаль алғанға дейін индонезиялық зілтемірші 2022 жылғы әлем чемпионатындағы екінші орынды қоспағанда, халықаралық деңгейде жоғары жетістіктерге қол жеткізе қоймаған. Дегенмен спортшы алған бетінен қайтпай, алға ұмтылып келеді. Егер әлем чемпионатында ол барлығы 347 кг-ды ғана көтере алса, Олимпиадада 354 кг-ды бағындырды.
Ли Фабинь
Париж Олимпиадасында 61 кг-ға дейінгі ең жеңіл салмақ дәрежесінде де ауыр атлеттер керемет нәтиже көрсетті. Бұл салмақ дәрежесінде алтынды қытайлық Ли Фабин жеңіп алып, Қытайдың әлем бойынша ауыр атлетикадағы көрсеткішін жақсарта түсті.
Спортшы 310 кг нәтижесімен жеңіске жетіп, серпе көтеруде Олимпиада рекордын орнатты – 143 кг. Соның арқасында Токио мен Парижде өткен екі Олимпиадада қатарынан жеңіске жеткен қытайлық спортшы екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды.
Сондай-ақ спортшының қоржынында Азия чемпионатында 3 жеңіс (2012, 2019, 2020) және әлем чемпионатында (2019, 2022, 2023) үш алтын медаль бар.
Сэм Лэйдлоу
Адамның күші ауыр салмақты көтеру қабілетінен ғана емес, жалпы спорттық төзімділіктен де көрінуі мүмкін. Әлемдегі ең танымал және ең қиын жарыстардың бірі – Iron Man 140.6 форматындағы триатлоншылар жарысы.
"Темір адам" атағын иелену үшін спортшы қатарынан мынандай кезеңдерден өтуі керек: ашық суда жүзу (3,8 км), велоспорт (180 км) және марафонда жүгіру (42,2 км). Жалпы қашықтық – 226 км немесе 140,6 миль. Барлық кезеңді 17 сағатта аяқтау керек, дегенмен мықты деген спортшылар бұл қашықтықты шамамен 8 сағатта еңсереді.
Жыл сайын Гавай аралдарында өтетін Iron Man бойынша триатлонның қазіргі әлем чемпионы француз Сэм Лэйдлау. Ол жоғарыда аталған қашықтықты 8 сағат 6 минут 22 секундта бағындырды.
Ең мықты адам жарты тоннаға жуық жүкті көтере алады. Олимпиадалық спортшылар салмағы 200 кг болатын зілтемірді көтере алады. Ең төзімді спортшы 226 шақырымдық триатлонды 8 сағатта аяқтай алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2159352-salmagy-185-kilogramm-qazirgi-uaqyttagy-alemdegi-eng-myqty-7-adam/