Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ спорт мамандары өзбекстандық Олимпиада чемпиондарына шапан жауып құрмет көрсетті

Жарияланған күні:

Аслан Қаженов пен өзбекстандық боксшылар
Аслан Қаженов пен өзбекстандық боксшылар. Фото: facebook.com/aslan.kazhenov

Қазақстандық спорт журналистері Париж Олимпиадасында чемпион атанған өзбекстандық спортшыларға шапан жауып құрмет көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Өзбекстанға арнайы барып, Париж Олимпиадасында чемпион атанған спортшылармен сұқбат құрды. Бұл туралы журналист Facebook желісіндегі ресми парақшасында жазды.

"Өзбекстанға арнайы табан тіреп, Париж Олимпиадасында топ жарған жігіттермен кездестім. Емін-еркін сөйлесіп, эксклюзивті сұқбаттар жазудың сәті түсті. Боксшылар өте қарапайым, кішіпейіл, менмендігі жоқ. Әйтпесе әуесқой бокста барлық биікті бағындырған спортшылар ғой. Тіпті оны екі дүркін орындағандары да бар", - деді Аслан Қаженов.

Сондай-ақ спорт журналисі Астана қаласындағы спорт мектебінің өкілдері де боксшыларға құрмет көрсеткенін жазды.

"Астана қаласындағы спорт мектебінің өкілдері Өзбекстан командасы мүшелеріне шапан жауып, ерекше құрмет көрсетті. Алдағы уақытта біздің елге де арнайы келіп, өскелең бокшылармен шеберлік сағаттарын өткізуді ұсынды. Басқа да әріптестік орнату және боксты Қазақстан мен Өзбекстан тарапы бірлесе дамыту тетіктері сөз болды", - деп жазды Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында бес өзбекстандық боксшы алтын медаль жеңіп алған болатын. Хасанбой Дусматов (51 кг), Абдумалик Халоков (57 кг), Асадхуджи Муйдинхуджаев (71 кг), Лазизбек Муллажонов (92 кг) және Баходир Жалолов (+92 кг) Олимпиада чемпионы атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2161729-qazaq-sport-mamandary-ozbekstandyq-olimpiada-chempiondaryna-shapan-zhauyp-qurmet-korsetti/