Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"499 бас жылқы, 41 құс қатысты": V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты қызықты мәліметтер

Жарияланған күні:

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Фото: "Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының" баспасөз қызметі

Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен келген 2500-ге тарта спортшы көшпенді халықтардың ұлттық спортынан сынға түсіп, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Осы орайда ҚР Туризм және спорт министрлігінің Telegram желісіндегі ресми арнасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тіркелген қызық деректерді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазақстан қоржынында қанша медаль бар?

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы бетінен келген Канада мен Мексика өкілдері де бар.

Қазақ күресіне қанша спортшы қатысты?

Дүбірлі дода аясында қазақ күресінен өткен жарысқа әлемнің 44 елінен 294 палуан бақ сынады. Жүлде алған елдер қатарында көрші мемлекеттерден бөлек, Еуропа балуандары да бар. Атап айтқанда, қазақ күресінен белдесулерде Италия, Польша, Мажарстан, Нидерланд спортшылары жүлдеге қол жеткізді.

Жанкүйері ерекше көп болған спорт түрі

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ең көп көрермен көкпар мен көк бөрі жарыстарына келді. "Қазанат" ипподромында өткен екі сайыстың да финалдық бәсекесін 20 мың (әр финалға 10 мык көрермен келді) жанкүйер тамашалады.

Ең көп спортшы алып келген елдер

Қазақстан құрамасының спортшыларын есепке алмағанда, биылғы ойындарға ең көп спортшыны Қырғызстан құрамасы қосты – 172 спортшы.

Бұл додаға қатысқан ең жас спортшы – Хамза Амангелді. Аламан бәйгеде бақ сынаған Хамза небәрі 10 жаста.

Ең егде спортшы – 80 жастағы испаниялық Соледад Хименес Каррион. Ол дәстүрлі садақ ату сайысында өнер көрсетті.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қанша ерікті жұмылдырылды?

Спортшылар мен делегация өкілдеріне 1600 волонтер көмек көрсетті. Оның ішінде 20 шетелдік ерікті бар.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қанша жылқы қатысты?

Биылғы додаға жалпы саны 499 бас жылқы қатысты. Оның ішінде 100 бас ұлттық құраманың жылқысы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясы жылқысыз келген өзге елдердің қатысушылары үшін 300 бас жылқы жалға алған. Сондай-ақ, Қырғызстан Республикасы – 91, Өзбекстан Республикасы – 8 бас жылқы әкелді.

Сонымен қатар жарыстарға 41 құс қатысты. Оның ішінде 9 бас ұлттық құрамға, 8 бас Қырғызстан Республикасына тиесілі. 24 бас құсты өзге елдер үшін Құсбегілік федерациясы ұсынды.

Айта кетейік, Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2161765-499-bas-zhylqy-41-qus-qatysty-v-duniezhuzilik-koshpendiler-oiyndaryna-qatysty-qyzyqty-malimetter/