![Санжар Әділов Санжар Әділов](https://cdn.nur.kz/images/1200x675/5892cf772b74ecb3.jpeg)
Танымал қазақстандық спортшы Санжар Әділов төтенше жағдайлар министрлігінде жұмысқа орналасты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Санжар Әділов ММА және жауынгерлік самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері және ММА-ден әлем чемпионы атанған. Ал қазіргі таңда Alash Pride кәсіпқой лигасының чемпионы.
Спортшы алдағы уақытта саналы ғұмырын халықты қорғауға арнауды ұйғарып, азаматтық қорғау органдарына қызметке кірісті.
Санжар өртті сөндіруге, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қатысады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының намысын қорғап, әлемдік аренадағы спорттық жарыстарға қатысуды да жалғастырады.
"Азаматтық қорғау органдарында қызмет ету – абыройлы әрі мәртебелі жұмыс", - деп жазылған департаменттің хабарламасында.
Айта кетейік, ASA (Absolute Championship Akhmat) демеушілігімен жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық ММА жауынгері, жеңіл салмақтағы ASA гран-приінің финалисі Артем Резников те төтенше жағдайлар министрлігіне жұмысқа орналасқаны хабарланған болатын. Спортшы Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар Шавкат Рахмоновтың қарындасы, қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы Сора Рахмонова да төтенше жағдайлар министрлігіне қызметке ауысатынын хабарлады. Ол Алматы қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі офицері болып тағайындалды. Оның міндеттеріне төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарында спорттық идеологияны насихаттау кіреді.
![Санжар Әділов Санжар Әділов](https://cdn.nur.kz/images/1120/c3eb019a518c889f.jpeg)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2166352-mma-den-alem-chempiony-totenshe-zhagdailar-departamentine-zhumysqa-ornalasty/