Қазақстанның ұлттық семсерлесу федерациясы бапкерлік штабтағы өзгерістер туралы мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
- Қазақстанның ұлттық семсерлесу федерациясы украиналық жаттықтырушы Александр Горабчукты шпагамен семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасына қосқанын хабарлады.
- Федерация президенті Мирболат Әбуовтың айтуынша, бұл шешім команданың Лос-Анджелес Олимпиадасында жүлде алу мақсатына жету үшін қабылданды.
- Федерация бұрын да шетелдік мамандарды тартқан, соның ішінде украиналық және венгриялық жаттықтырушылар болған.
Федерацияның Instagram желісіндегі ресми парақшасына сүйенсек, шпагамен семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасының жаттықтырушылар құрамына украиналық маман Александр Горабчук кірді. Ол бұған дейін екі дүркін Олимпиада чемпиондары жапониялықтармен жұмыс істеген.
"Біздің құрама Франция, Италия, Жапония және өзге де елдердің әлемдік көшбасшылары үшін мықты қарсыласқа айналды. Бірақ біз қазіргі жетістіктерде тоқтап қалғымыз келмейді және келесі қадамға аяқ басуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсат – командалық лицензияны қайталап, Лос-Анджелестен жүлдемен оралу.
Бұл үшін біз семсерлесуден бапкерлік құрамды күшейттік, ол әлемдегі үздіктердің бірі – Александр Владимирович Горбачук. Ол осы кезеңде украиналық семсерлесу мектебінің өкілі, ал соңғы 15 жылда Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпиондары атанған жапониялық спортшылармен жұмыс істеген", - деді ұлттық семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуов.
Бұл федерацияның шетелдік мамандарды тарту бойынша алғашқы тәжірибесі емес. 2019 жылдан бері қылышпен семсерлесуден ерлер және әйелдер құрамаларымен украиналық бапкер-кеңесші Олександр Торчук, ал шпагамен семсерлесуден әйелдер және ерлер құрамаларымен венгриялық Ференц Тот жұмыс істеген.
Айта кетейік, өткен маусымда қазақстандық семсерлесушілер әлемдік аренада тарихи табысқа қол жеткізді. Шпагамен семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы алғаш рет Олимпиада ойындарына командалық лицензия жеңіп алып, әлем чемпионаты мен Азия чемпионаттарында алтын, Азия ойындарында күміс әкелді. Команда жетекшісі Руслан Курбанов әлем чемпионатында тарихи қолаға қол жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2177186-zhaponiia-semserlesushilerin-baptagan-ukrainalyq-bapker-endi-qazaqstan-quramasyn-zhattyqtyrady/