Еркін күрестен үш рет әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханның сүйіктісі де спортшы екені белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Қыркүйекте әлеуметтік желіде Ризабек Айтмұханның сүйіктісіне ұсыныс жасаған видеосы тараған болатын. Сондай-ақ екі жастың шариғат жолымен неке қиған сәтінен суреттер пайда болды.
Жақында Ризабек Албаниядағы әлем чемпионатынан оралып, Instagram желісіндегі Stories-ке сүйіктісімен әуежайда түскен фотосын жариялады. Әлем чемпионы ұнатқан қыздың есімі Фируза, ол спорттық гимнастикадан Қазақстанның спорт шебері екені белгілі болды.
Фирузаның Instagram-дағы парақшасында жарияланған жазбаға сүйенсек, ол кәсіби спортпен 12 жыл айналысқан. Ал бес жылдан бері бапкер болып қызмет атқарып жүр. Қазіргі таңда Алматыдағы спорттық гимнастика мектептерінің бірінде балаларды жаттықтырады. Сондай-ақ Фируза спорт төрешісі болып та жұмыс істейтін көрінеді.
Әлем чемпионының сүйіктісі парақшасында спорттық гимнастикаға қалай келгенін де жазған.
"4 жасымда гимнастикаға бардым. Сол жылы алғашқы жарысыма қатысып, бірінші орын иелендім. Бұл жарыс мен үшін қиын болмады. Өйткені бала кезімнен әкем мені үйде, далада дайындады. Әкем де спортшы. Мен спортшылар отбасында тұрамын. Спорттық мансабымды аяқтаған соң, әрі қарай да дамуым керек деп шештім. Бірақ спортшы емес, маман ретінде өзімді байқап көргім келді", - деп жазды Фируза.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлде иеленген болатын. Осылайша еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Биыл қыркүйекте қазақстандық спортшы Испанияда өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Кейін осы айда Албания астанасы Тиранада өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлемдік додада топ жарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2180712-gimnastikadan-sport-sheberi-rizabek-aitmuhannyng-suiiktici-turaly-ne-bilemiz-foto/