Қазақстандық сәйгүлік Қабирхан бәйгесүйер қауымның жұлдызына айналған. Бүгінгі мақаламызда бұл тұлпар туралы толығырақ мәлімет беруді жөн көрдік.
- Қабирхан – АҚШ-та туған, Қазақстандық иесі бар, атақты тұлпар Калифорния Хромның ұрпағы болып табылатын ағылшын тұқымды сәйгүлік.
- Ол Дубайдағы Al Maktoum Challenge жарысында жеңіске жетіп, жаттықтырушысы Даг Уотсонға алғашқы G1 жарыс кубогын сыйлады және миллион доллар жүлде ұтып алды.
- Қабирхан туралы арнайы ән жазылған, оның Instagram парақшасы бар және иесі Тілек Мұқанбетқалиев оны ешқашан сатпайтынын мәлімдеді.
Оның Instagram-дағы парақшасындағы мәліметке сүйенсек, Қабирхан 2020 жылдың 3 ақпанында АҚШ-тың Кентукки штатындағы Kehner Thoroughbreds LLC-де дүниеге келген. Бұл есім кездейсоқ қойылмаған. "Қабир" сөзі "ұлы" деген мағына береді. Қабирханды қазақстандық агент Надир Хасанов әлемдегі ең ірі асыл тұқымды жылқылар сатылатын Keeneland September Yearling Sale аукционында 12 мың долларға сатып алған.
Қабирхан атақты тұлпар Калифорния Хромның тұқымынан шыққан. Калифорния Хром 2016 жылы Dubai World Cup-ты (сол кездегі ең қымбат бәйге) жеңіп алған. Сонымен қатар Калифорния Хром Black-Type санатындағы көптеген сайыста жүлде иеленіп, Кентукки Дербиінің барлық жеңімпаздары арасында 14 752 650 долларлық жүлде қорымен көш бастаған.
Бүгінде бұл тұлпар Жапониядағы ең табысты жылқы шаруашылықтарының бірі – Arrow Stud-тың айғыры. Қабирханның анасы Литтл Эмили аукционда небәрі 1000 долларға сатылған. Литтл Эмили өте өнімді бие болып табылады, оның Semi Sweet (121,642 $) және Blunt Force (225,313 $) есімді құлындары бар. Алайда ең үлкен жетістікке жеткен ұрпағы – Қабирхан. Ол кейіннен Yoshida мен Global Campaign-нен тағы екі еркек құлын дүниеге әкелді. Соңғысы, Қабирханның иесі Тілек Мұқанбетқалиевке тиесілі және жаттықтырушысы Арслангирей Шавуевтің қол астында 2024 жылғы бәйге маусымына дайындық үстінде, деп Қабирханның Instagram парақшасында жазылған.
2023 жылдың қаңтарында Литтл Эмили Keeneland аукционында 1000 долларға сатылды.
Қабирханның жаттықтырушысы Даг Уотсон Біріккен Араб Әмірліктерінде 30 жылдан бері еңбек етіп, сегіз мәрте чемпион атанған және 600-ден астам жеңімпазды баптаған. 2019 жылдың 7 қарашасында Даг Уотсон ерекше жетістікке жетті: Мейдан ипподромындағы барлық 6 жарыста оның жылқылары жеңіске жеткен алғашқы жаттықтырушы атанды.
Сонымен қатар Қабирхан Al Maktoum Challenge-де топ жарып, Уотсонға алғашқы G1 жарыс кубогын сыйлады. Қабирхан туралы "Қабирхан жүйрік"атты ән де бар, оның сөзін ақын және сазгер Медет Нұрқали жазған. Әнді орындап, әуенін шығарған – "Алашұлы" тобының бұрынғы мүшесі Әзімбек Байлин. Әннің шығуына Қабирханның иесі Тілек Мұхамбетқалиевтің достары себепкер болған.
Қабирханның иесі Тілек Мұқанбетқалиевтің сұхбатынан аңғаратынымыз, ол жеке кәсіпкер әрі ат жарысына бірнеше жыл бұрын келген.
"Менің өз компаниям бар. Мен сауда-саттықпен айналысамын. Ат жарысына шамамен 5 жылдан бері қатысып келемін", – дейді ол.
Қабирханнан басқа, Мұқанбетқалиевтің тағы 4 жылқысы бар.
"Олар да жарысқа қатысады, Ресейде жаттығады. Ал Қабирхан Дубайда", - деп түсіндірді Тілек.
Екі жыл бұрын Мұқанбетқалиев көптеген сатып алушылардың назарын аударған Қабирханды сатып алған және оның бағасын айтпады. Айта кетсек, Қабирхан – ағылшын тұқымынан шыққан сәйгүлік.
"Ағылшын тұқымы, АҚШ-та туған, қазір төрт жаста. Екі жасында Қазақстанда үш жарысқа қатысты. Сосын үш жасында Ресейге жібердім. Ресейде көптеген жарыстар өтеді, рейтингі жоғары. Ресейдегі жаттығулардан кейін ол алты рет жарысқа қатысып, бес рет бірінші келді. Бір-ақ рет екінші орын алды. Сол кезде мен оны Дубайға жіберуге шешім қабылдадым", - деді ол.
Қабирхан Дубайдағы жарыстарда екі рет жеңіске жетіп, ең мықты тұлпарлар арасында үздік болды. Ашық дереккөздерге сүйенсек, алғашқы жарысында ол 15,5 миллион теңге ұтса, екінші жарысында миллион доллар жеңіп алған. Қабирханның иесі оны ешқашан сатпайтынын айтты.
Қабирханның иесінің айтуынша, жарысқа сәйгүлікті кім мініп шығатынын жаттықтырушы шешеді.
"Бұл сәйгүлікке үйренген спортшы болуы керек. Қазақстандық шабандоздардың арасында бізде тек Бауыржан Мырзабаев бар. Ол Еуропа мен Жапонияда жарысқа қатысқан. Қалғандары шаба алмайды, себебі оған халықаралық лицензия керек. Лицензиясы жоқ шабандоз халықаралық жарыстарға қатыса алмайды. Оның сертификаты болуы қажет", - деп түсіндірді иесі.
Қабирхан туралы 5 қызық дерек оқи отырыңыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2182274-saigulikter-arasyndagy-zhuldyz-qabirhan-zhane-ol-turaly-qyzyqty-derekter/