Қазақстанның танымал шахматшысы Бибісара Асаубаева болашақта саяси қызметпен айналысуына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бибісара Асаубаева Instagram желісіндегі ресми парақшасында "Болашақта саяси қызметке ойысасыз ба?" - деп сауал жолдаған оқырманына жауап берді.
"Ешқашан деп айтпа. Өмірде не боларын ешкім білмейді, бірақ қазіргі таңда менің саясатқа қатысатын ойым жоқ. Бұл өте жауапты жұмыс, оған жайдан-жай бара салудың қажеті жоқ", - деді Бибісара Асаубаева.
Айта кетейік, жуырда Шымкентте өткен ФИДЕ Гран-приінің екінші кезеңінде Бибісара Асаубаева әйелдер арасындағы жарыста қола медаль еншіледі.
9 турдың қорытындысы бойынша Қазақстан әйелдер құрамасының жетекшісі 5 ұпай жинап, жалпы Гран-при кестесінде екі кезеңнен кейін алғашқы орынға шықты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2187914-eshkim-bilmeidi-bibisara-asaubaeva-aldagy-uaqytta-saiasi-qyzmetke-oiysa-ma/