Қазақ қыздары арасындағы тұңғыш бокс чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы Назым Қызайбай бала күнінде баскетболшы болғысы келген екен. Ал әкесі қызының прокурор болғанын қалаған. Бүгінде шаршы алаңда ел намысын қорғап жүрген қазақтың сұлу де батыр қызы туралы басқа да қызық деректерді материалымыздан оқыңыз.
- Назым Қызайбай – қазақ қыздары арасындағы тұңғыш бокс чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері және әлемнің екі дүркін чемпионы.
- Ол спорт мектеп-интернатының баскетбол бөліміне оқуға түспек болған, бірақ боксқа тапсырып, 2009 жылы алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.
- Назым Қызайбай 2024 жылы Францияда өткен Париж олимпиадасында қола жүлдеге ие болды. Елге келгеннен кейін Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны болып сайланды және келесі Олимпиадаға қатысуды жоспарлап отыр.
Назым Қызайбай 1993 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Отбасында алты баланың үшіншісі – алдында ағасы мен әпкесі, өзінен кейін екі сіңілісі мен інісі бар. Назым үшінші сыныпқа дейін Алматыдағы №137 мектепте оқыған. Кейін отбасымен Алматы облысына қарасты Жетіген ауылына қоныс аударып, сегізінші сыныпқа дейін ауыл мектебінде білім алған.
Aqshamnews.kz басылымының жазуынша, Назым дүниеге келерде әкесі ұл бала күткен екен: "Назым туған кезде әкесі ұл болмады деп, үш күн бойы үн қатпай, ренжіп жүрген көрінеді. Бала кезінен Назым ұлдармен алысып ойнап, әпкелері мен кішкентай інісіне біреу тиіссе, солар үшін төбелесуден тайынбаған екен. Көбіне ұлдармен төбелесуге тура келсе керек. Содан болар ата-анасы қалағандай Назым ұл болмаса да, жастайынан спортқа жақын болып өскен".
"Неге екенін қайдам, спортты бала кезден ерекше қатты жақсы көрдім. Мектепте қандай да бір жарыстар, спорттық шаралар ұйымдастырылса, қалмай қатысатынмын. Бос уақытта бірден спортзалға жүгіретінмін. Сабақтар болмай қалған уақытта спортзалдағы ұлдармен баскетбол, футбол ойнап кететінмін. Айнабұлақта оқығанда көркем гимнастикаға қатысқанмын. Жетіген ауылында таэвондо, күрес, баскетбол, волейбол, теннис секілді спорт түрлерімен де айналысқанмын. Кәсіпқой боксшы болмасам да, әйтеуір түбінде спортшы боларымды сезетінмін", - дейді боксшы қыз Ustinka.kz желілік басылымына берген сұқбатында.
Ал анасы Кәмшат Ахетқызы қызының боксқа деген сүйіспеншілігі жөнінде былай дейді:
"Қызымның жекпе-жектерін көре алмаймын, бірақ бокс біткен кезде нәтижесін естіп қуанамыз. Жаттығуда көп жүреді. Спортта жүргеннен кейін қиын ғой. Таңертеңнен кешке дейін жаттығуда болады. Басқа қыздар секілді спортты тастап кеткен жоқ. Өзінің дегеніне жетті. Тынбай жаттықты. 12-13 жасынан бастап осы спорт түрін таңдап, ақыры арманына жетті".
Спортшы Youtube-тегі "Спорт министрі" арнасына берген сұқбатында боксқа алғаш қадам басқан кезін былай еске алады: "Бала кезімде Болат Рахимов деген бапкер мені базардан көріп қалып, боксқа кел деп шақырды. Мен ақшам жоқ екенін айттым. Ол кезде 1500 тг біз үшін көп ақша болатын. Болат ағай тегін үйрететінін айтқанда қолымдағы пакеттерімді тастай сала бардым. Бірақ ол кісімен ұзақ жаттыққан жоқпын".
Жетіген ауылында орта мектепте оқып жүрген Назым қыздың 2008 жылы Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданында ашылған спорт мектеп-интернатына түсуіне әкесінің бауыры – Сәбит ағасы себепкер болған екен.
"Негізі баскетболға түсуге бардым. Баскетболға тапсырамын деп тұрған жерімде таныс боксшы қызды көріп қалдым. Ол қызбен жарыста танысқанмын. Содан бокс бар екенін біліп, боксқа түсіп кеттім", - дейді Назым Қызайбай сұқбаттарының бірінде.
Назым Қызайбайдың жеңісті жолы 2009 жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионатынын бастау алған деуге болады. Сол жолы Назым Қызайбай 44 кг салмақта Қазақстан чемпионы атанған-ды. Алғашқы жеңісін боксшы қыздың өзі былай еске алады:
"Ол кезде боксқа киетін формам да жоқ. Командамызда Әнел Базанқызы деген қыз болған. Қазір кәсіби бокста жүрген Жәнібек Әлімханұлының жолдасы. Соның формасын сұрап киіп, жарысқа шықтым... Бірінші рет Қазақстан чемпионатына қатысып, үш жекпе-жекті де уақытынан бұрын аяқтап, чемпион атандым. Ең бірінші медалімді Ермахан Ибраимов таққан еді".
Назым Қызайбайдың спорттағы мансабы 2012 жылы Әлем чемпионатының қоласын алғаннан соң басталды.
Боксшы қыз 2014 және 2016 жылы әлем чемпионы атанғанымен, олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігін бірнеше рет пайдалана алмады.
Назым Қызайбай – Париж олимпиадасының қола жүлдегері
Париж олимпиадасына жолдамаға таласуға алдымен Назым Қызайбайға мүмкіндік берілген. Алайда ол 2023 жылы Қытайда өткен Азия ойындарының ширек финалында жеңіліп қалды. Назымнан кейін Италияда өткен іріктеу жарысына жақын құрбысы Алуа Балқыбекова барып, ол да жолдама иелене алмаған.
Одан соң федерация мамырда Таиландта өтетін іріктеу жарысына кім баратынын ел ішінде турнир өткізіп анықтап, сол кезде Қызайбай Балқыбековадан басым түскен.
Назым Бангкокта (Таиланд) өткен лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.
50 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық боксшы қыз турнирдің ширек финалында солтүстік кореялық Канг Су Хуангпен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған бәсекеде қазақстандық боксшы 5:0 есебімен жеңді. Ол жекпе-жек барысында қарсыласын бір рет нокдаунға жіберді.
Франция астанасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындары бокс бәсекесінде Назым Қызайбай 1/16 финалдық кезеңдегі кездесуін сәтті өткізді. Бірінші кезеңде қазақстандық боксшы 2022 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері италиялық Джордана Соррентиномен шеберлік байқасты. Бұл жекпе-жекте Назым Қызайбай төрешілердің бірыңғай шешімімен (29:28, 29:28: 30:27, 30:27, 28:29) жеңіске жетті.
Олимпиада ойындарының 1/8 финалдық кезеңінде Назым бразилиялық Каролайн Барбоза де Алмейдамен кездесу өткізді. Нәтижесінде қазақстандық боксшы бразилиялық қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
Назым ширек финалда Колумбия спортшысы, Рио-2016 Олимпиадасының қола жүлдегері Ингрит Валенсиямен кездесті. 50 кг салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті (4:1).
Ал 6 тамызда өткен жартылай финалда Назым қыз 2023 жылы әлем чемпионы және Азия ойындарының чемпионы болған Қытай спортшысы Ву Юмен кездесті. Алайда Назым Қызайбай бұл жекпе-жекте 4:1 есебімен жеңіліс тауып, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Қазақстандық спортшы телеарналардың біріне берген сұқбатында жартылай финалдық бәсекеде жеңіс үшін барын салғанын, "бокстан әйелдер арасында қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы болсам" деген арманы орындалмай қалғанын айтып, көзіне жас алды.
"Ұтуға барымды салдым. Бірақ Қытай қызы барын салды. Қатты ұрамын деп арасында қатып қалдым. Барлық қарсылас бірдей. Қатты ұтқым келді. Алдап кетіп істейін деп едім... Әттеген-ай дейтін тұстарым бар. Алтын медаль алғым келген. Енді не болса да, қолаға шүкір етеміз", - деді Назым Қызайбай.
Париж Олимпиадасынан кейін Назым Қызайбай бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны болып сайланды.
"Келесі Олимпиадаға төрт жыл бар десек те, уақыт жылдам өтеді. Бұйырса, келесі додаға қатысамын деп ойлаймын. Ал оған дейін әлем чемпионатына қатысып, үшінші мәрте топ жарғым келеді", - деді Назым қыз KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзив сұқбатында.
Назым Қызайбай – еңбекқорлығымен, табандылығымен талай қазақ қызына үлгі болып келе жатқан спортшы. Оның Парижде алған қоласын қазақ халқы алтынға балап, шынашақтай қызын мақтан тұтты. Назым қыз әлі талай байрақты бәсекелерде еліміздің туын биік желбірететініне кәміл сенеміз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2192651-olimpiada-zhuldegeri-alemning-eki-durkin-chempiony-nazym-qyzaibai-turaly-qyzyq-derekter/