Грузиядағы билеуші "Грузия арманы" партиясы президенттікке үміткер ретінде депутат, бұрынғы футболшы Михаил Кавелашвилиді ұсынды. Бұл туралы саясаткер Бидзина Иванишвили мәлімдеді, деп хабарлайды Риа Новости басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бидзина Иванишвилидің сөзінше, "Грузин арманы" партиясының cаяси кеңесі президенттікке Михаил Кавелашвилиді ұсыну туралы шешім қабылдаған.
"Ол жылдар бойы табысты спортшы ретінде Грузияның намысын қорғады. Миша Грузия футбол командасының тәжірибелі мүшесі болды. Ол бірнеше елдің бірнеше дүркін чемпионы. Оның футболдағы мансабы "Динамо" (Тбилиси), "Алания" (Владикавказ), "Манчестер Сити" және Швейцарияның жетекші клубтарымен байланысты", - деді Иванишвили брифингте.
Кавелашвили 1971 жылы Тбилисиде дүниеге келген. Мансабын туған жеріндегі "Локомотивте" бастаған, содан кейін "Динамоға" ауысты (Тбилиси). Михаил осы клуб сапында Грузияның алты дүркін чемпионы болды (1990-1995). 1995 жылы Владикавказдың "Спартак-Алания" клубына ауысып, Ресей чемпионатын жеңіп алды. Ал 1996 жылы "Манчестер Сити" ойыншысы атанды. Сондай-ақ ол 1998 жылы Цюрихтің "Грассхоппер" клубының құрамында Швейцария чемпионы атанды. Кавелашвили Грузия құрамасында 40-тан астам матч өткізген.
Еске салайық, Грузия президентін сайлау 14 желтоқсанға белгіленгенін жазған едік. Жаңа президентті ұлықтау рәсімі 29 желтоқсанда өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2193150-manchester-sitiding-buryngy-futbolshysy-gruziia-prezidenttigine-umitker/