Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қатерлі ісікке шалдықтым, үйім өртеніп кетті": қазақ спортшысы өмірінде болған қиындықтар туралы айтты

Жарияланған күні:

Бектас Қасенай
Бектас Қасенай. Фото: instagram.com/bektyson_01

Аралас жекпе-жек шебері, кәсіпқой боксшы Бектас Қасенай басынан кешкен қиындықтар туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Кеше, 1 желтоқсанда Бектас Қасенай Алматыдағы Nomad Fighting турнирінде отандасы Айдос Жаппарбергеновпен жеңіл салмақтағы титул үшін жекпе-жек өткізді. Бұл кездесуде төрешілердің шешімімен Жаппарбергенов жеңіске жетті.

Бектас Қасенай KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, жекпе-жекке дейін өмірінде қиын кезең болғанын айтты. Бірнеше ай бұрын спортшының үйі отқа оранып, ол өрт сөндірушілер келгенше қызыл жалынды өзі сөндірген.

"Осы жекпе-жекке дайындаламын деп жүргенде үйім өртеніп кетті. Түнгі сағат үште келіншегім оятты, көзімді ашсам қара түнекте жатырмыз. Қонақ бөлмедегі тоқтан ақау шығып, өрт пайда болған. Өрт сөндірушілер келгенше өзім жүгіріп жүріп өшірдім. Әріптестерім, достарым, шәкірттерім көмек көрсетіп, үйдің жөндеу жұмыстарын бітірдік. Үйді жөндейміз деп жүріп пневмониямен ауырып қалдық, иммунитетім төмендеп кетті. Кейін емделіп, енді жаттығу бастаймын дегенде бүйрегім ауырды. Осылайша жекпе-жекке үш апта дайындалдым", - деді ол .

Сондай-ақ Бектас Қасенай бірнеше жыл бұрын қатерлі ісікке шалдығып, ауыр дертті жеңіп шыққанын айтты.

"2017 жылы талай анализ тапсырып, "рак" ауруына шалдыққаным анықталды. Екі жарым ай ауруханада жатып, ем-дом қабылдадым. Мұсылманбыз ғой, Аллаға жақынбыз. Палатада күнде жайнамаз төсеп қойып, намаз оқыдым. Алланың қалауымен, анамның батасымен жазылып шықтым", - деді ол.

Спортшы алға қойған жоспарын да бөлісті. Ол кәсіпқой боксқа оралуды қалайтынын жеткізді.

"Мен кез келген жекпе-жекке шыға беремін. Әр жекпе-жек шеберінің бірінші арманы – белбеу болса, екіншісі – отбасын асырау. Менің жұмысым бар болғанымен, одан ақша жетпейді. Осылай жекпе-жектерге шығып, аз да болсын ақша табамыз. Енді мен кәсіпқой бокстағы мансабымда жалғастыруды жоспарлап отырмын. 2021 жылы Қазақстан чемпионаты титулының иегері болғаннан кейін, кәсіпқой рингке шықпадым", - деді Бектас.

Еске салайық, Алматыдағы Nomad Fighting турнирінің басты жекпе-жегінде қазақстандық файтер Мұратбек Қасымбай ресейлік Иса Исаевтан жеңіліп қалған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2194743-qaterli-isikke-shaldyqtym-uiim-ortenip-ketti-qazaq-sportshysy-omirindegi-qiyndyqtar-turaly-aitty/