УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңі аясында "Астана" футбол клубы "Челсиге" қарсы кездесу өткізді. Астаналық команданың маркетинг және қоғаммен байланыс бөліміне жауап беретін маман Қайсар Бекенов аталмыш ойын жайлы және "Челсиді" қалай күтіп алғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Соққы және гол" YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
12 желтоқсанда елордалық "Астана" футбол клубы Алматыда лондондық "Челси" клубына қарсы ойын өткізді. УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңінің 5-туры аясында өткен матчта "Астана" командасы 1:3 есебімен жеңіліс тапты. Елордалық команданың маркетинг және қоғаммен байланыс бөліміне жауап беретін маман Қайсар Бекенов матч туралы және Англиядан келген қонақтарды қалай күтіп алғанын айтты.
"Челсидің" ұйымдастыру жағына талапшыл пен қатал екенін байқадық. Бірақ екі команда арасындағы ресми түскі ас кезінде біздің елге және командамызға деген көзқарасы жақсы жағынан өзгерді. Тіпті таңғалғандарын да жеткізді. Қаланың әдемілігіне, халықтың кереметтігіне көз жеткізді.
Биыл еурокубок аясында бізге келген қарсыластарымызды Медеуге алып барып, сол жердегі дәмханалардың бірінде қонақ қыламыз. Осындай жиындарды ұйымдастырудың себебі - еліміздің дәстүрін, ұлттық тағамдарын таныстыру. Тарихымызды да айтып береміз. Одан бөлек шапан жаптық. Олар "қандай жылы, әдемі киім екен" деп таңғалып суретке түсіп жатты. Шапанның сыйлы адамға берілетінін айтып, қазақтың төрге шығару әдебін де көрсеттік. Тіпті тары шәйынан да дәм тәтті. Олар қатты таңғалып қайтты. Себебі біз жайлы көп ештеңе білмейді екен", - деді Қайсар Бекенов.
Айта кетейік, УЕФА Конференция лигасының осы маусымында 36 команда бақ сынап жатыр. Жарыстың жаңа ережесі бойынша жалпы үздік шыққан сегіз команда 1/8 финалға тікелей жолдама алады, ал 9-24-орын алған клубтар қосымша ойындар өткізеді. Жеңіске жеткен командалар 1/8 финалға шығады. Айта кетейік, соңғы турда елордалық "Астана" 19 желтоқсанда сырт алаңда кипрлық АПОЭЛ командасына қарсы ойнайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2200727-medeuge-alyp-baryp-shapan-zhaptyq-astana-futbol-kluby-chelsidi-qalai-kutip-aldy/