Бахрейн астанасы Манамада өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстандық спортшылар бұл әлем чемпионатында екі алтын медаль еншіледі, деп KAZ.NUR.KZ Қазақстан ауыр атлетика федерациясының Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының спортшылары бұл әлем чемпионатын 2 алтын және 1 күміспен аяқтады. Бұл жарыста араға 10 жыл салып, 96 кг дейінгі салмақта Нұрғиса Әділетұлы чемпион атанса, Артем Антропов араға 9 жыл салып, 102 кг дейінгі санатта топ жарды.
Ал Алексей Чуркин күміс медаль (81 кг дейін) иеленді. Ол 2022 жылғы әлем чемпионатында 73 кг дейінгі санатта қола медальді қанжығасына байлаған болатын.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Бұл жарыста Қытай спортшылары 4 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль иеленіп, 2-орынға жайғасса, Солтүстік Корея спортшылары 9 алтын, 5 күміс, 2 қола медальмен жалпы командалық есепте көш бастады.
Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылы Колумбияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қола медаль еншілеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2200985-auyr-atletikadan-qazaqstan-quramasy-alem-chempionatynyng-qorytyndysy-boiynsha-neshinshi-oryndy-ielendi/