Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кешірім сұрадық": Досаев "Челсиге" қарсы матчта қардан тазаланбаған трибуналарға қатысты сынға жауап берді

Жарияланған күні:

Читать на русском
"Астана" – "Челси" матчы
"Астана" – "Челси" матчы. Фото: NUR.KZ

Алматы әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте "Астана" клубының "Челсиге" қарсы матчта трибуналардың қардан тазаланбағанына қатысты сынға жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ерболат Досаев Алматыда өткен "Астана" мен "Челси" футбол клубтары арасындағы матчқа өзі де барғанын атап өтті.

"Естеріңізде болса, біз кешірім сұрадық. Туристерге қатысты ешқандай мәселе болмады. Әңгіме шығыс сектордағы әйгілі 6 қатар туралы еді, онда жауапкершілігі төмен тазалаушылар жұмысты толық аяқтамаған. Ал Орталық стадионның менеджменті бұл тұрғыда өз міндетін дұрыс орындамаған. Қажетті шешімдер қабылданды.

Жалпы, 21 мың жанкүйер атмосфераны сезініп, керемет әсер алды. Біз әрдайым сабақ аламыз, сондықтан УЕФА тарапынан немесе командалардан стадионға ешқандай шағым түскен жоқ", - деді әкім.

Сондай-ақ ол стадионның 1958 жылы салынғанын, оның қайта жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатынын айтты. Стадион 32,5 мың орынға дейін ұлғайтылады.

"Ол әлемдік деңгейдегі барлық стандартқа сай болады. Барлық жер жабық болады, ашық алаңдар болмайды. Осыған байланысты тиісті қорытындылар жасалды және мен басшылыққа қосымша компанияларды жалдап, жұмысты сапалы жүргізуге көмектесуін сұрадым", - деді Ерболат Досаев.

Ерболат Досаевтың айтуынша, "Астана" – "Челси" матчына әкімдіктен ешқандай қаражат бөлінбеген.

Сондай-ақ осы жағдайға байланысты "Орталық стадион" нысанының басқарушысы Бауыржан Жұмажанов қызметінен шеттетілді.

"Бұл матчқа дайындықты бір апта бұрын бастадық. Оның алдында ұлттық құрамалардың матчтары ойдағыдай өтті. Қалай істеу керегін, не істеу керегін жақсы білетін. Әр адамның өзіндік жауапкершілігі бар. Соған сәйкес шешімді қабылдадық. Ол 4 жылдан астам директор болды. Стадионның қай жері қисық екенін, қай жеріне көмек керек екенін біледі. Әкімдікте одан қашып жүрген біз жоқпыз", - деді Досаев.

Естеріңізге сала кетейік, 12 желтоқсанда "Астана" командасына қолдау көрсетуге келген жанкүйерлер стадиондағы қардың видеосы жариялаған еді. Бұл кадрлардан кейбір трибуналарды қар басып жатқанын байқауға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2201729-keshirim-suradyq-dosaev-chelsige-qarsy-matchta-qardan-tazalanbagan-tribunalarga-qatysty-synga-zhauap-berdi/