Маңғыстаулық спортшы Дубайда ашық суда жүзуден әлем чемпионы атанды
Опубликовано:
Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының жүзуден жаттықтырушысы Қуаныш Асқар Дубайда ашық суда жүзуден әлем чемпиононтында топ жарды. Бұл туралы өңірдің қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ашық суда жүзуден әлем чемпионаты 2-7 желтоқсан күндері өткен, оған әлемнің әр елінен шамамен 2500 спортшы қатысқан. Ал Қазақстаннан 360 спортшы бақ сынаған.
"Чемпионаттың басты ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін жеке категория қарастырылмаған. Барлық қатысушыға бірдей уақыт лимиті қойылды.
Қуаныш Асқар – кәсіби жаттықтырушы ғана емес, халықаралық деңгейдегі күрделі қашықтықтарды тұрақты түрде бағындырып жүрген спортшы. Бір қолының жоқтығына қарамастан, ол жоғары дайындық пен қайсар мінезінің арқасында сайыста мықты нәтиже көрсетті", - делінген хабарламада.
Спортшы бұл жарысқа үш ай бойы үздіксіз дайындалғанын айтады.
"Нәтижесінде алғашқы орынды иелендім. 10 шақырымда мүмкіндігі шектеулі спортшы ретінде жалғыз өзім қатысу – мен үшін үлкен мақтаныш", - деді Қуаныш Асқар.
Айта кетейік, биыл тамыз айында Ақтау қаласында өткен Oceanman ашық теңіз жарысында Қуаныш Асқар 10 шақырым қашықтықты 3 сағат 31 минутта жүзіп өтіп, Дубайдағы әлем чемпионатына жолдама алған.
Ал финалдық додада дәл осы қашықтықты 3 сағат 23 минутта бағындырып, қарсыластарын айқын басып озған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2318867-manggystaulyq-sportshy-dubaida-ashyq-suda-zhuzuden-alem-chempionatynda-top-zhardy/