jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

    Алдын ала сенім артылған алтын: "Алтыналмас" кәсіпорны Михаил Шайдоровты шыңға қалай жетеледі

    Михаил Шайдоров
    Михаил Шайдоров. Фото: жеке архивтен алынды

    Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы жеңісі соңғы жылдардағы ұлттық спорт үшін ең жарқын белестердің біріне айналды. Тарихи алтын медаль құрметіне "Алтыналмас" АҚ спортшыға Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлау туралы шешім қабылдады. Алайда бұл серіктестік Олимпиада тұғырына көтерілген сәттен басталған жоқ. Оның негізі әлдеқайда ертерек қаланды. Бұл серіктестіктің қалай өрбігенін NUR.KZ тілшісі зерделеп көрді.

    Кәсіпорынның жүйелі қолдауы мен Директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Джуманбаевтың жеке бастамасы осы жолдың бастауына айналды.

    Олимпиада алтыны бір маусымда келмейді. Әрбір ірі жеңістің артында спортшының табанды еңбегімен қатар жаттықтырушылар құрамының жұмысы, әрі нәтижеге әуел бастан сенген жандардың қолдауы тұрады. Медаль кестесінде есімі шықпай тұрып-ақ сенім білдіру – нағыз демеу.

    2026 жылы Италияда өткен Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоровтың алтын медаль жеңіп алуы – дәл осындай ұзақ әрі жүйелі еңбектің жемісі.

    Михаил Шайдоров
    Михаил Шайдоров. Фото: жеке архивтен алынды

    Әлеуетке сенім білдіру

    Михаилды қолдау туралы шешім 2022 жылы қабылданды. Демеушілік көмекті спортшының өзі сұраған. Сол кезеңде "Қаражыра" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Владимир Джуманбаев бұл бастаманы қолдады. Ал 2023 жылдан бастап қолдау "Алтыналмас" АҚ арқылы жалғасты. Серіктестік мәнерлеп сырғанаушы халықаралық деңгейге енді қадам басқан тұста басталды.

    "Олимпиада алтыны тосыннан келмейді. Оған апарар жол жеңіс сәтінен әлдеқайда бұрын басталады. Біз бір сәттік нәтижеге емес, Михаилдың мінезі мен еңбекқорлығына, ішкі қайратына сендік. Оның әлеуетін көрдім. Дұрыс жағдай жасалса, ең биік деңгейге көтеріле алатынына күмәнім болмады", - дейді Владимир Джуманбаев.

    Компания өкілдерінің айтуынша, бұл бастама әуелден ұзақ мерзімді қолдау ретінде қарастырылған.

    "Михаилдың жолында күрделі кезеңдер де болды. Біз сол сәттерде жанынан табылдық, қазір де қолдап келеміз. Алдағы уақытта серіктестік жалғасады. Бұл – бір реттік келісім емес, стратегиялық әріптестік", - деп атап өтті Владимир Джуманбаев.

    Төрт маусымға созылған жүйелі жұмыс

    Ынтымақтастық нақты әрі тұрақты тетік ретінде қалыптасты. "Алтыналмас" АҚ мен Михаил Шайдоров арасында ресми демеушілік келісім жасалып, ай сайынғы қаржылай қолдау мен жүлделі орындарға арналған ынталандыру жүйесі енгізілді. Мәселен, 2025 жылға бекітілген тұжырымдамада қосымша сыйақы мөлшері белгіленді: алтын медаль үшін – 200 пайыз, күміс үшін – 100 пайыз, қола үшін – 50 пайыз.

    Мұндай модель спортшыға дайындықты ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік берді. Бір реттік сыйақыға тәуелді болмай, тұрақты түрде жаттығуға жағдай жасалды.

    Михаил Шайдоров
    Михаил Шайдоров. Фото: жеке архивтен алынды

    Ай сайынғы төлемдер дайындыққа кететін негізгі шығындарды толық қамтыды. Атап айтқанда, мұз айдыны мен жаттығу залдарын жалға алу, оқу-жаттығу жиындарын өткізу, халықаралық жарыстарға қатысу шығындары өтелді. Сонымен қатар бағдарлама қоюшы мамандардың еңбекақысы, жарыс костюмдерін тігу, қалпына келтіру шаралары және спорттық тағам сатып алу да осы қаражат есебінен қаржыландырылды.

    Михаил Шайдоров бұл қолдаудың маңызын бірнеше рет атап өткен.

    "Алтыналмас" кәсіпорнына және бас демеушім Владимир Викторович Джуманбаевқа тұрақты қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысымды білдіремін. Осы сенім мен қолдаудың арқасында спортшы ретінде өсіп, жаңа белестерге жетуге мүмкіндік алып отырмын", - деді мәнерлеп сырғанаушы.

    Рейтингтік жарыстардан – Олимпиада алтынына дейін

    Михаил Шайдоров үшін 2025 жылғы маусым серпінді кезең болды. Ол Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирінде топ жарып, ISU Grand Prix сериясының Қытайдағы кезеңінде қола, ал АҚШ-та өткен жарыста күміс жүлде иеленді. Кейін ISU Гран-при финалында үздік алты спортшының қатарына қосылды.

    Бұл нәтижелердің мәні ерекше еді. Себебі гран-при кезеңдеріне қатысу жеке рейтинг негізінде жүзеге асады. Демек, бұл оның халықаралық аренада мойындалған спортшы екенін көрсетеді.

    Италияда өткен Олимпиада ойындарына дайындық 1994 жылғы Олимпиада чемпионы Алексей Урманов жетекшілік еткен жаттықтырушылар штабының басқаруымен өтті.

    "Біз тұрақтылық пен қажетті ресурстарды қамтамасыз еттік. Дайындық процесіне жаттықтырушылар жауап берді. Ал мұз айдынындағы нәтиже спортшының өзіне байланысты болды. 2026 жылдың ақпанында Италияда Михаил бар мүмкіндігін толық көрсете алды", - дейді кәсіпорын өкілдері.

    Тұмар – серіктестіктің белгісі

    Жарыс барысында жанкүйерлер спортшының мойнындағы алтын алқаға назар аударды. Бұл – демеуші кәсіпорынның сақ стиліндегі бұғы бейнесі салынған арнайы әзірленген тұмар.

    Идея ортақ келісімнен туды. Алғашында дәстүрлі алтын тізбек қарастырылған. Алайда спортшымен ақылдаса келе, сырғанау кезінде қауіпсіз әрі ыңғайлы болу үшін тоқылған бау таңдалды.

    Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл жай ғана әшекей емес.

    "Бұл – сенім мен ұзақ мерзімді еңбектің нышаны. Төзім, табандылық және алтынға ұмтылыс – спортта да, өндірісте де ортақ құндылық. Үлкен спортта ұсақ-түйек болмайды. Нәтиже әр бөлшектен құралады", - деп атап өтті "Алтыналмас" өкілдері.

    Әлеуметтік жауапкершілік – стратегиялық ұстаным

    Михаил Шайдоровқа көрсетілген қолдау – "Алтыналмас" АҚ-ның әлеуметтік жауапкершілік саласындағы жүйелі жұмысының бір бағыты. Кәсіпорын спорт пен өңірлік инфрақұрылымды дамытуға тұрақты түрде қаржы бөліп келеді. Айта кетсек, дене шынықтыру мен сауықтыру кешендерін салады, балалар мен әуесқой спорт бастамаларын қолдайды.

    Владимир Джуманбаевтың айтуынша, спортқа салынған қаржы – бұл жас буынға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуге бағытталған қадам.

    "Біз үшін қазақстандық балалардың табысқа жеткен тұлғаларды көріп өскені маңызды. Олар табандылық пен еңбектің нәтижесіз қалмайтынын түсінуі керек. Михаилдың жолы – тәртіптің, мінездің және сенімнің айқын үлгісі. Сол жолдың бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз", - деді ол.

    Пәтер – құрметтің белгісі

    Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісіне орай "Алтыналмас" АҚ Михаил Шайдоровқа Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлауды ұйғарған. Бұл шешім төрт жылға созылған серіктестіктің табиғи жалғасы болды.

    Кәсіпорын мұны спортшының табанды еңбегіне және ел спорты үшін тарихи маңызы бар жетістікке көрсетілген құрмет деп бағалайды.

    Алдын ала сенім артылған алтын: "Алтыналмас" кәсіпорны Михаил Шайдоровты шыңға қалай жетеледі

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.