Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зарина Дияс алты бірдей матчболды пайдалана алмай, жеңіліп қалды

Жарияланған күні:

Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-інші ракеткасы, жиырма бір жасар Зарина Дияс Ұлыбританияның Ноттингем қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші айналымында американдық Сачия Викеримен күш сынасып жеңіліс тапты.

Еуроспорт 2 телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Зарина ойынды өте сәтті бастап, 5:0 есебімен алда тұрды. Алайда бұдан кейін 20 жасар, дүниежүзілік рейтингте 129-ыншы орында тұрған С.Викери қатарынан төрт геймді ұтып, есепті 4:5-ке дейін қысқартты.

Бірінші партиядағы соңғы гейм аса тартысты болып, он бес минутқа созылды. Американдық теннисші әлденеше рет брейк-пойнтты пайдалана алмады. Есесіне тәжірибесі мол Зарина ақыры дегеніне жетіп, бірінші партияны 6:4 есебімен жеңіспен аяқтады.

Екінші партияда алдымен брейк жасаған С.Викери 4:1 есебімен алға шықты. Дегенмен көп ұзамай қарымта қайтарған Зарина есепті теңестіре алды. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған ол өз геймінде үш бірдей матчболды сәтті аяқтай алмады. Сөйтіп есеп 5:5 болып қайта теңесті. Содан соң қайта брейк жасаған қазақстандық теннисші есеп 6:5 болып тұрғанда, үш матчболын тағы да пайдаланбады. Тай-брейкте С.Викери жеңіске жетті.

Үшінші партияда американдық спортшы ширақ қимылдады. Кездесу барысында Зарина медициналық көмекке де жүгінді. З.Дияс екінші партияда алты матчболды құр жіберсе, үш бірдей брейкке қол жеткізген С.Викери алтыншы матчболын сәтті пайдалана білді. Сонымен, ол 6:1 есебімен шешуші партияны ұтып кетті.

Айта кетейік, жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған Ноттингем турнирінің ширек финалында С.Викери хорватиялық он жеті жасар Ана Конюхпен кездеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/785343-zarina-diyas-alty-birdey-matchboldy-pay/