Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркия «айып етпе» деді ме, «кешір» деді ме?

Опубликовано:

Ресей мен Түркия татуласуды ұйғарған сияқты. Анкара мен Мәскеу арасының оңалуға бет алуының сыры неде екенін Азаттық Радиосы анықтауға тырысты.

Сириядағы соғыс операциясына қатысқан ресейлік ұшақты Түркия атып түсіріп, Анкара «ол ұшақ Түркияның әуе кеңістігіне кіріп кеткен» деп мәлімдегеннен кейін екі ел алты айдан астам уақыт дүрдараз болған. Кейінгі күндері Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ресейлік әріптесі Владимир Путинге Кремль «ұшаққа қатысты оқиға үшін кешірім сұрау» деп түсіндірген хат жолдағаннан кейін жағдай күрт өзгерді.

Шындығында Ердоғанның Мәскеумен ара қатынасын реттеуге тырысатынын білдірген жолдауы Анкараның абыройын сақтау қалуға мүмкіндік беретіндей етіп жазылған болып шықты. Ердоғанның өкілдері Путинге хат жолданғанын растағанымен, ол құжат Ресей ұшқышының қазасына қатысты оның отбасына көңіл айту мен кешірім сұрау хаты екенін мәлімдеді.

Сейсенбі күні Түркияның премьер-министрі Бинали Йылдырым Түркияның Су-24 ұшағы үшін Ресейге өтемақы төлеу ниеті жоғын мәлімдеді. Бірақ Түркия басшылары Ресеймен ара қатынасын тезірек реттеуден үміттенеді. Сәрсенбі күні Ресей мен Түркия президенттері телефон арқылы келіссөз жүргізеді деп жоспарланған.

Саясаттанушы әрі шығыстанушы, Прагадағы Карл университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің профессоры Эмиль Сулейменов Азаттықтың «Ердоғанның Путинге жолдауы мәтініне қатысты неліктен қайшылық туды? Екі елдің ара қатынасындағы соңғы өзгерістердің саяси астары қандай»? деген сұрақтарына жауап берді.

– Режеп Ердоған ол хаты арқылы не айтқысы келді? Ол аздап өкініш білдіріп, әлдебір кешірім сұрағандай болғаны түсінікті, бірақ оның өкініш білдіру ниеті қаншалықты терең? Менің түсінуімше, әлгі хатта өзгеше бір сыр бар сияқты.

– Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдемесіне қарағанда, Ердоғанның Ресей президентіне әлгі жолдауын Ресейде кешірім сұрау деп ұққан. Бұл түсінік хаттың түрікше түпнұсқасына онша сәйкес келмейді. Өйткені түрікше түпнұсқасында Ердоған Түркия мемлекеті атынан Ресейден кешірім сұрады деп түсінуге болатындай жағдай жоқ. Әлгі хатта қаза тапқан ресейлік ұшқыштың отбасына арналған сөздерде семантикалық сипат бар, яғни «kusura bakmasınlar» тіркесін «кешіріңіздер» дегеннен гөрі «айып етпессіздер» деп аударуға болады. Меніңше, Режеп Ердоған әлгі тіркесті пайдалану арқылы Түркия жұрты алдындағы абыройын да жоғалтқысы келмеген сияқты. Халық арасында оның альфа-арлан, саясаткер-мачо сияқтыимиджі қалыптасқан, сондықтан кешірім сұраса, түркиялықтардың көбі түсінбей қалар еді. Сондықтан ол әлгі хатта сәл екі жақты астары бар сөздерді қолданған, яғни бір жағынан көңіл айтқандай әрі аздап кешірім сұрағандай болды, бірақ Путин немесе Ресейден емес, қаза тапқан ұшқыштың отбасынан. Ал екінші жағынан оны кешірім сұрады, кешірім өтінді деп айта алмаймыз.

– Әлгі хат Ресейде кешірім сұрау ретінде, ал Түркияда, сіз айтқандай, «өкініш білдіреміз, бірақ тізерлеп кешірім сұрамаймыз» деп түсіну үшін әдейі осылай жазылған деп болжауға бола ма?

– Меніңше, дәл солай сияқты. Әлгі хат кейінгі күндері Анкара мен Мәскеу арасында қол жеткен келісімдердің бір бөлігі сияқты. Онда екі жақты қатынастарды, оның ішінде экономикалық байланыстарды толық қалпына келтіру көзделген. Аяқ асты аспаннан түсе қалмаған мұндай ымыра күні бұрын ойластырылған.

– Ал әлгі келісімдердің анық-қанығы туралы толығырақ ақпарат бар ма? Әлдебір сапар немесе саяси немесе дипломатиялық деңгейдегі байланыс орнату жайлы мәліметтер тараған жоқ па? Соңғы кезде бұл ойын қаншалықты қарқынды жүргізілді?

– Дәл қазір ондай нақты ақпарат жоқ, бірақ Түркияның жаңа премьер-министрі Бинали Йылдырымның кейінгі күндері «Түркия мен Мәскеудің ара қатынасы дамуында ілгерілеу бар» деген мәлімдемесі бар. Бұған қоса, Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу жуырда Мәскеуге бармақ. Меніңше, экономикалық ынтымақтастықты қайта жаңғырту жоспары бар болса, Ресей Түркияға салған санкцияларын тоқтатады, бұл жайлы таяу күндері, ары кетсе бір аптаның ішінде естіп қалармыз.

– Проблеманы бұлай шешуге не түрткі болды?Ұшаққа қатысты оқиға мен екі елдің арасының күрт ушыққанына алты ай өтті. Түркияны мына қадамдарға не итермеледі? Ресей салған санкциялардың экономикалық әсері ме әлде өзге факторлар ма?

– Меніңше, бұған бірнеше фактор, бірақ ең әуелі экономикалық мүдде әсер еткен. Ресейлік бомбалаушы ұшақты атып түсірген Түркия Мәскеу мұндай реакция танытады деп күтпеген сияқты. Ресей бір жағынан зардабын өзі де тартатын санцкия салады деп Түркияда көп ешкім ойламады. Бұған қоса бұл жағдай Ресей Еуропа мен өзге кей елдерден ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаудан бас тартқан (Украинаға қатысты жанжалға байланысты халықаралық санкциялар салынғаннан кейін Ресей «қарымта санкция» енгізген) тұста болды.

Меніңше, түріктер мұндайды күтпеген сияқты. Негізі, Ердоған Түркия үшін маңызы зор ел екенін ескеріп, Ресеймен қатынасын жаңғыртуға тырысқан болатын. Бірақ ол бірдеңе етіп өз абыройын да сақтап қалуға тырысты, бірақ одан ештеңе шықпады, өйткені Путин кешірім сұрауды, өтемақы төлеуді талап етіп, оны кемсітуге ұмтылды.

Ердоғанның шешіміне Сириядағы жағдайдың өзгеруі де ықпал еткен болуы керек

Бұған қоса Ердоғанның шешіміне Сириядағы жағдайдың өзгеруі де ықпал еткен болуы керек. Түркияның сириялық оппозицияны жақтағанын білеміз. Түркия ғана емес, бүкілаймақ пен әлем Башар Асадтың режимі ұзаққа бармайды деп болжады. Бірақ ол әлі отыр, бұл Ресейдің қолдауының арқасы. Енді түріктер Сириядағы оппозиция тез жеңеді деп дәмелене алмайды. Сондықтан олар Сирия режимінің одақтастарымен, әсіресе Сирияда ұзақ қалатын түрі бар Ресеймен ара қатынасын өзгертуді ұйғарған.

Анкара күрд факторын да естен шығармайды. Өйткені кей деректерге сәйкес, Ресейдің қолдауына сүйенетін күрдтер Түркияның оңтүстік шекарасындағы позицияларын нығайтып жатыр. Егер жағдай кейінгі айлардағы сияқты өрбісе, күрдтер солтүстік Сирия аумағында Ресейге белгілі бір деңгейде тәуелді болатын протомемлекет құруы мүмкін. Сондықтан Түркияға Мәскеумен түзу қатынаста болған тиімдірек. Бұған қоса, Түркияның өз ішінде де күрд мәселесі бар – өйткені күрдтердің сепаратистік ұйымы Күрд жұмысшы партиясы Түркиядағы іс-қимылын қайта бастады ғой.

– Сіз кейінгі айлардағы Түркиядағы, оның ішінде Анкара мен Стамбулдағы терактілерді меңзеп отырсыз ба?

– Иә. Түркияда әрекет ететін күрд ұйымдары солтүстік сириялық күрдтермен өте тығыз байланысты, ал оларды, мен айтып кеткендей, Ресей қолдайды. Сондықтан амалы қалмаған Ердоған әлдебір ымыраға баруды ұйғарған.

– Ал бұл жағдай Түркия Израильмен шиеленісін алты жылдан кейін қайта реттейді деген декларация қабылданған тұсқа неге дөп келді?

– Өйткені Анкара Сириядағы жағдай Түркия саясаткерлері күткендей өрбімей жатқанын түсініп, Израильмен тым болмаса негізгі қатынастарды жаңғырту қажет деген ұйғарымға келген сияқты. Негізі Израиль ол қатынастарды жандандыруға талайдан бері тырысып келген, бірақ Ердоған онша рай танытпады. Мүмкін, ол Түркияны ислам әлеміндегі, Таяу Шығыстағы көшбасшы сүннитік мемлекет ретінде көретін шығар. Бірақ ақыр соңында Анкараның позициясына Сириядағы жағдай ықпал етті.

Тағы да оқыңыздар:

Отандық журналист елбасы туралы фильмнен Назарбаевтың ерекше кадрларын жариялады (фото, видео)

Жарылыс кезінде Ыстамбұлға ұшып келген қазақстандық жантүршігерлік жайтты баяндап берді (фото, видео)

Қазақстаннан АҚШ-қа кетіп қалған студент: Өз жерім туралы ешқашан жаман жазған емеспін

Еліміздегі жас келіндер күйеуінен "мәхр" сыйлығы үшін пәтер мен құндыз тон сұрайтын болған

Бортында қазақстандықтар болған ұшақ Стамбулдағы терактіден 5 минут бұрын ұшып кеткен

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1176031-turkiya-ayyp-etpe-dedi-keshir-ded/

pixel