Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тасмағамбетов өзге шенеуніктерден несімен ерекшеленеді?

Опубликовано:

NUR.KZ порталы кеше ғана премьер-министрдің орынбасары қызметінен босатылып, еліміздің Ресейдегі елшісі болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетовтің осыған дейін қандай лауазымды қызметтер атқарғанын, ел есінде несімен есте қалғанын назарыңызға ұсынды.

Өмірбаяны

Иманғали Нұрғалиұлы 1956 жылы 9 желтоқсанда бұрынғы Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында дүниеге келген. Бала кезіндегі жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығы болашақ мамандығын таңдауына жол ашқан. 1979 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін, география және биология мамандығы бойынша бітірген.

1990 жылы «Дүниетану аспектілерінің экологиялық проблемасы» тақырыбы бойынша диссертациясын қорғап, философия ғылымдарының кандидаты атағына ие болса, 7 жылдан кейін «Транзиттік саяси жүйелеріндегі әлеуметтік саясат» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғап, саясаттану ғылымдарының докторы атанды.

Саяси мансабы

Иманғали Тасмағамбетов қоғамдық-саяси өмірдегі өзінің белсенді позициясын Қазақстанның ЛКЖО ОК бірінші хатшысы (1989 жыл) және Қазақстанның Жастар істері бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы (1991 жыл) лауазымында болғанда таныта білді.

1993 жылы Қазақстан президентінің көмекшісі қызметін атқарды.

1995 жылдан бастап Қазақстанның вице-премьері, білім және Мәдениет вице-премьер-министрі, Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Қазақстан президентінің бірінші көмекшісі, Атырау облысының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, мемлекеттік хатшы, Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі сынды лауазымды қызметтер атқарды.

2004-2008 жылдары Қазақстанның ең ірі қаласы Алматының әкімі болса, 2008 жылдың сәуір айында Астана қаласының әкімі болып тағайындалды.

2014 жылдың қазан айынан бастап 2016 жылдың 13 қыркүйегіне дейін Қорғаныс министрі болды. Ал Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалғанға дейін елдің вице-премьері қызметін атқарды.

Қоғамдық қызметі

Иманғали Тасмағамбетов Алматы халқына іскер басшы ретінде есте қалды. Ол мегаполистің басты мəселесі экологияға, қала тазалығына баса назар аударды.

Ол тарих, археология және этнографияға қызығушылық танытып жүреді. Иманғали Нұрғалиұлының атсалысуымен ЮНЕСКО көлемінде қазақ әдебиеті, мәдениеті мен ғылымына еңбегі сіңген қайраткерлердің мерейтойлары өткізілді. Экс-вице-премьер ЮНЕСКО тізіміне енген ежелгі Талхиз қаласының аумағына автокөлік жолын салу туралы жобаны тоқтатуды да талап еткен болатын. Сөйтіп үкімет басшысының орынбасары Қазақстаннның халықаралық ұйыммен арадағы қатынасын реттеуге үлес қоса білді.

Иманғали Тасмағамбетовтің шешендік қабілетін қазақ халқы жақсы біледі. Оның талай мінберлерде сөйлеген сөздері елдің есінде.

Мысалы, 2011 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында «Елбасы астананы Алатаудан Ар­қа­ға көшірмегенде, қазақ ендігі «Еділді» емес, «Есілді» жоқтап қалар ма еді» деген сөзі әлі күнге ел аузында жүр.

«Атажұрты тарылып, көбейген елден төбелдей елге ай­нал­ғаны қаншама. Кезінде біз де ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Ақтабан халық­тың «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлағаны да, баба­ла­рымыздың жер тіреніп, «Еділді келіп алғаны – етекке қолды сал­ғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны» деп жыр­лағаны да бар қазақтың жадында. Араға үш ғасыр салып сол күпті көңіл, алаң күй тәуелсіздіктің таңында тағы да туды. Осы тұста Елбасы астананы Алатаудан Ар­қа­ға көшірмегенде, қазақ ендігі «Еділді» емес, «Есілді» жоқтап қалар ма еді. Осы тарихи шешім үшін ғана қазақ халқы Елба­сы­ның алдында мәңгілік қарыздар. Бұл қарыз қарапайым өтеу емес, ұрпақ сүйген елдің құдайы па­рызы, сол ұрпақ тұратын жердің ұдайы мұрасы. Сондықтан да жүрегі өзгешіл сұлтандықты емес, отаншыл ұлтандықты қалап тұратын әз халқымыз әрбір та­мы­рымен «сүйер елің болса, сен сүй, тұрар жерің болса, жұбан» деп тұр. Бізде ел де бар, жер де бар. Ең бастысы, осы 20 жыл ішінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында ешкімнің есігіне қа­рамайтын, өз шамасын өзі баға­лайтын ұлттық мемлекетіміз бар. Міне, шарықтайтын кез – осы. Жеңіс деген – осы. Отан деген ұлы ұғым осы», – деген еді.

Отбасы

Иманғали Тасмағамбетовтің екі қызы мен бір ұлы бар. Жұбайы Клара Дауымқызы Бекқұллова мұғалім.

Үлкен қызы Әсел Тасмағамбетова Қазақстандағы ең бай кәсіпкеркерлердің бірі Кеңес Рақышевтің жары. Әсел Тасмағамбетова көпшілік алдына сирек шығады.

Интернет-басылымдардың жазуынша, Әсел ханым - Telli био-дүкендер желісінің иесі. Дүкен негізінде Қазақстандағы ең алғашқы гомеопатикалық дәріхана ашылған. Сонымен қатар ол қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі және дарынды балаларға арналған жобалармен айналысады.

Кіші қызы София Тасмағамбетова – суретші. Әке жолын қумай, шығармашылық жолында жүр. Павел Драгуновтің шәкірті. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын және Лондондағы өнер колледжін бітірген. "Petroglyf studio" атты сәулет-дизайнерлікке қатысты компанияға басшылық етеді деп жазды baq.kz.

Ал ұлы Нұрсұлтан 1994 жылы дүниеге келген. Жеке кәсіпкер.

Тағы оқыңыздар:

Президент Тасмағамбетовті неліктен елшілік қызметке ауыстырғанын айтты

Маңғыстауда дәрігерлердің қалтасын қаққан бас дәрігер ұсталды

Ресеймен шекаралас аймақта АҚШ-тың 4 мыңға жуық әскері жаттығып жатыр

"Ислам мемлекеті" кішкентай екі баланың қолын шауып тастады

Президент мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеруді тапсырды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1398592-imanghali-tasmaghambetovtinh-el-esinde/

pixel