Этникалық қазақтар Қытайдағы "қайта тәрбиелеу лагері" туралы айтты
Жарияланған күні:
Ислам дінін ұстанатын мыңдаған қазақтар қытайдың "қайта тәрбиелеу лагерлерінде" отыр. Бұл туралы батыстық БАҚ хабарлауда деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қытай лагерінде болған этникалық қазақтармен және олардың туыстарымен BBC басылымының журналистері кездескен.
Қайта тәрбиелеу лагеріне қамалған ер адамның әйелі Гүлнұрдың айтуынша, оларға үш ай бойы мәжбүрлі түрде белгісіз дәрілерді салған. Одан бөлек, қамалғандарды темір үстелдерге байлап, ұрып, қинаған.
Оның сөзінше, күйеуі Қытайға 2017 жылдың 25 қазанында келген. 2 қараша күні оны қамауға алған.
17 айын лагерьде өткізген Тұрсынбек есімді ер адамның айтуынша, оны жердің астында орналасқан түрмеге кіргізген. Лагер қызметкерлері оның қалтасында болған барлық затын алып, 20 метр тереңдікте орналасқан камераға жауып тастаған.
Орынбек есімді тағы бір азаматтың сөзінше, оған қолын көтеруге бұйрық берілген. Ол бұйрықты орындаған сәтте мұздай су құйып жіберген. Осыдан кейін ол есін камерад жиған.
Басылымның ақпаратынша, 2017 жылдан бастап мыңдаған этникалық қазақтар, сондай-ақ ұйғырдар және басқа да ислам дінін ұстанатын халықтар осындай лагерлерге жіберілген.
Бұған дейін Қытайдағы аз ұлт өкілдеріне қазақ-қытай шекарасын емін-еркін кесіп өтуге рұқсат етілген. Алайда Пекин соңғы жылдары ел аумағында ислам дініне белсенді түрде қысым көрсетіп, этникалық қазақтардың тарихи отанына шығуына тыйым салғаны хабарланған.
Бұл туралы Қытайдан Қазақстанға көшуге талпынған тағы бір ер адам баяндап берді. Этникалық қазаққа алдымен қытай тілін меңгеруі керектігін айтқан.
Қытайлық ауылда тұратын этникалық қазақ әйелінің айтуынша, олар өздерінің әрбір іс-әрекеті мен қозғалысын жергілікті учаскелік полицияға хабарлап отырулары тиіс. Егер бұлай жасамаса, онда олар халық жауы атанады.
Сондай-ақ басылымның жазуынша, Қытай билігі аталмыш лагерлерді "мектеп" деп мәлімдеп, ондағы адамдардың өз еріктерімен отырғанын хабарлаған.
Еске сала кетсек, көрші елден шекара асып қашқан этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай да лагердегі сұмдық жайттарды айтқан еді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1836400-etnikalyk-kazaktar-kytajdagy-kajta-trbileu-lageri-turaly-ajtty/