Германияда Pfizer вакцинасын салдырған 10 адам қайтыс болды
Жарияланған күні:
Германияның Пауль Эрих институты Pfizer/BioNTech атты коронавирусқа қарсы вакцина садырғаннан кейін қайтыс болған он адамның өлім себебін анықтауға тырысып жатыр деп жазады РИА Новости.
Дәрі-дәрмек қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Бригитте Келлер-Станиславскидің айтуынша, сарапшылар қайтыс болу жағдайы мен вакцина салдырудың арасында тікелей байланыс жоқтығын алға тартуда.
Германияда 27 желтоқсанда америкалық Pfizer компаниясы мен BioNTech неміс стартапы шығарған препаратпен вакцина егу науқаны басталған болатын.
Ең алдымен, 80 жастан асқандар, қарттар үйінің тұрғындары мен қызметкерлері, медицина қызметкерлері вакцина салдыруда. Бейсенбідегі жағдай бойынша 842 мың адам алғаш рет вакцина салдырған.
Келлер-Станиславски баспасөз конференциясында 13 қаңтарға дейін тоғыз адам көз жұмғанын мәлімдеді. Ал сарапшылар Төменгі Саксонияда тағы бір өлім жағдайы тіркелгенін хабарлаған.
"Қайтыс болған жандар - паллиативтік ем қабылдап жүрген жағдайы ауыр науқастар болатын. Бұл жағдайлар зерттеліп жатыр. Бүгінде бар мәліметтерге сүйене отырып, олар негізгі ауруларының асқынуы салдарынан қайтыс болды деген болжам жасаудамыз. Аурудың асқынуы вакцина салдыру уақытына сәйкес келіп қалған", - дейді ол.
Қайтыс болғандар - 79-93 жас аралығындағы азаматтар. Вакцинация мен өлім жағдайлары арасында бірнеше сағаттан бастап төрт күнге дейін уақыт өткен.
Институт алты адамның процедураға анафилаксиялық реакциясы болғандығы туралы ақпарат алған.
Жалпы, қазіргі кезде 325 вакцина салдырушыдан препараттан болуы мүмкін кері әсерлер тіркелген. Олардың 51-інің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Келлер-Станиславскидің сөзінше, бұл мәліметтер вакцинаның қауіптілігін білдірмейді және АҚШ-тағы вакцинация туралы статистикамен сәйкес келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1893883-germaniada-pfizer-vakcinasyn-saldyrgan-10-adam-kajtys-boldy/