Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әйелдерін зорлады": Ашаршылық жылдары Қытайға қашқан 40 отбасының тағдыры қалай аяқталды

Жарияланған күні:

Аштық жайлаған дала
Фото: neonomad.kz

31-мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1930 жылдардағы қазақ даласындағы зұлмат әлі де толық зерттеуді қажет етеді. 2018 жылы жарыққа шыққан АҚШ тарихшысы Сара Камеронның "Аштық жайлаған дала: Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату" кітабы біршама деректерді жария етті. KAZ.NUR.KZ тілшісі кітаптан үзінді келтіріп, зұлмат жылдары Қытайға қашқан 40 отбасы туралы оқиғаны назарларыңызға ұсынады.

Сара Камеронның зерттеу еңбегіндегі бесінші тарау Қазақстандағы ашаршылық және кеңес-қытай шекарасындағы жағдайға арналған. Автор Кеңестік Қазақстаннан біржола көшуге ыңғайланған 40 отбасының басынан кешкендерін мемлекеттік мұрағат құжаттарына сүйене отырып баяндаған.

"1930 жылдың қазан айында, қар түсуге шақ қалған кезде, бірнеше шекаралық ауданнан біріккен 40 қазақ және дүнген отбасы Кеңестік Қазақстаннан көшу қамын ойластырды. Олардың бет алысы шығысқа қарай, жапан даламен жылжи отырып, Қытайдағы Шыңжаң провинциясының Іле жазығына тірелуі керек болатын.

Осы ұзақ та, қиын жолға дайындалу үстінде олар өзімен бірге ең басты құнды дүниесі - жылқы мен түйелерін ерттеп алды. Атты жүріске пайдаланса, түйені жүк тасымалына қолданған. Ал ұсақ малдарды көшуге аз күн қалғанда сатып жіберген немесе бауыздап алған.

Бұл адамдар Шығыс Қазақстанмен географиясы, мәдениеті, туыстығы жағынан жақын қытайлық провинцияға жетіп жығыламыз деп ойлады. Олар таңдап алған жол оңай емес еді. Бірақ сол жол арқылы қысы-жазы көшпелі малшылар жүретін.

Алайда қашу туралы ойы өздері ойлағандай болмай шықты. Топ қытай шекарасына тақаған кезде Текеліден олардың қыр соңына түсіп, аңдығандар оқ жаудырды. Тоғыз отбасы шекара асып үлгерді, ал қалғандарын өлтірді, тұтқынға алды", - деп жазады Сара Камерон.

Автор БМСБ жүргізген тексеріс нәтижесін де дерек ретінде келтірді. Онда мемлекеттік бақылаушы орган қашқан адамдар қарсылық көрсетпегенін, екіншіден, өлгендердің ішінде кедейлер көп болғанын, үшіншіден, атылғандарды тінтіп, тонағанын, төртіншіден, тірі қалған әйелдер мен балаларды зорлағанын растайды.

Бұл оқиға тарихта Қаратал ісі деген атаумен қалды. Аталған жайт - 1930 жылдардың басында Қазақстан-Қытай шекарасы аумағында болған адам шошырлық зорлықтың тек бір мысалы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1915264-aielderin-zorlady-asarsylyq-zyldary-qytaiga-qasqan-40-otbasynyn-tagdyry-qalai-ayaqtaldy/