"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автобанының бойында орналасқан "Таң" ауылы туралы не білеміз

Опубликовано:

Сыр бойы
Фото: syrboyi.kz

"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автобанының бойында орналасқан "Таң" ауылына қатысты бірқатар қызықты деректерді syrboyi.kz сайты назарға ұсынды.

Жалағаштағы журналистік сапар «Таң» ауылынан басталған. Бізге қызығы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының бойында жатқан ауылдың атауы. «Таң». Қысқа да нұсқа. Атқан таңмен байланысы бар-ау деген ой басымызға бірден келген. Болжам расқа айналды.

Сонымен «Таң» атауы қалай шыққан? Тарихи деректерде осы төңіректе 1926 жылы №17 «Елтай» ауылдық кеңесі құрылыпты. Келер жылы «Ұмтыл», «Қорғанша», «Қызыл сая», «Самырат» атты серіктестіктер пайда болады. Аталған серіктестіктер ұжымдық шаруашылық болып біріккен соң, оған қандай да бір атау беру жайлы ойластық жүрген. Осы жерде өмір сүрген қадірлі би, азулы ақсақал атанған Сегізбай есімді кісіні ауылға ат қойған деп естідік.

Оқиға былай. Қараша үйде түнімен кеңес құрып, шаруашылықтың алдағы жай-күйін ойластырып, жиын бастайды. Осы жерде жаңа ұжымшардың атын қоюда пікірталас болғанға ұқсайды. Кешке басталған ел ағаларының отырысы таң атқанға дейін ұласады. Осы кезде қараша үйден кішкентай ұл далаға атып шығып, «Таң, таң атты!» деп қуана айқайлайды. Бала дауысын естіген Сегізбай ақсақал жоғы табылғандай «бәрекелді! бала тілегі қабыл болсын, бұл елдің атын «Таң» деп аталық. Әр таңымыз өз берекесімен, шуағымен, бейбіт күнімен атсын!» деп бата жасаған. Содан бері «Таң» деп аталған ұжымшар пайда болыпты. 1967 жылы шаруашылық болып қайта құрылып, іргелі совхозға айналған. Ал 1996 жылдан өндірістік кооператив, 2011 жылдан «Таң ЛТД» ЖШС болып атауы тағы өзгерген. Бүгінгі төрағасы – ауылдан шыққан азамат, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев.

Бағдарламаның берері көп

Алдымен ауылдағы балабақшаға соқтық. «Таң бөбегі» деп атау иеленген мұнда ауылдың 90 кішкентайы тәрбиеленеді. Үш мезгіл ыстық тамақ, тілашар сабақтары, ән мен биге үйретер қосымша дәрістері бар.

«Балалар 1-3 жас аралығында үш топ, 3-6 жас аралығында екі, барлығы бес топқа бөлінген. 9 педагог, 17 техникалық қызметкер бар. Шаруашылық ескі, жарамсыз ғимаратты толықтай жөндеп, жарқырата істеп берген болатын. Бұрын да балабақша болған нысанға қаржы салып, ауыл балаларына сыйға тартты. Қыста іші жылы, керекті ас пісіретін, кір жуатын құралдарымыз түгелденді. Сондай-ақ қосымша ойыншық немесе басқа да керекті заттарды шаруашылық басшылары жылда қарастырып тұрады», – дейді балабақшаның әдіскері Перизат Нұрғалиева.

Ауылдағы әкімдіктің жетекші маманы Арман Ізбасарұлының айтуынша, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен атқарылған жұмыс жетерлік. Ауыл ішін аралағанымызда орташа жөндеуден өткен Орынбай жырау көшесін көрдік. Мамыр айында басталған асфальт төсеу жұмыстары шілдеде аяқталған. Сонымен қатар, осы көшеде орналасқан №118 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіпті. Есік-терезелері, едені толық ауыстырылып, су, кәріз, электр жүйелері жаңартылған. Мектепте ауылдағы шәкірттер білім алып жүр. «Таңда» барлығы 14 көше болса, оның 6-уы қалыпқа келтірілген. 8 көшеге 231,6 млн теңге қаржысы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүруде.

«Барлығы 230-дан астам үй болса, 1300-ге жуық тұрғын бар. Ауызсу мәселесі шешілген. Жол қатынасы да тәуір жолға қойылды. Ел ішінде көпшілігі жұмыспен қамтылған. Ірі шаруашылықтан бөлек, қожалықтар де жетеді. Ауылдағы ардагерлер мен әйелдер кеңесі ел ішіндегі мәселелерге жіті назар аударып отырады. Ел азаматтары қандай да бір халықтық шаруа болса, ұйымдаса отырып шешіп, оң нәтиже шығарып келеді», – дейді әкімдік қызметкері.

«Таңдағы» тағы бір құрылыс – күндізгі стационарлық амбулатория. Бұл жобаның құны 120 млн теңге шамасында. Жыл соңына дейін бітуі тиіс.

«Таң» түлей бермек

120-ға жуық қызметкері бар шаруашылықпен таныстық. Еңбек адамдарын қашаннан насихаттайтын біздің басылымның мақсаты да сол – ала жаздай кетпен арқалаған диқан ағайынның тіршілігін тізбектеп жазу.

Ауылмен аттас «Таң ЛТД» ЖШС көп жылдан бері күріш егіп келеді. Ал биылғы 1200 гектар жерге егілген салы жиналып бітуге таяу. Алдағы қысқа шөбі орулы, отыны қамдаулы бұл елдің әу бастан дала тіршілігіне бейімі байқалады.

Бұған дейін түрлі кезеңді бастан өткізген «Таң ЛТД» ЖШС 2003 жылы қайта құрылыпты. Серіктестік 2014 жылы облыста бірінші болып «Бораншы» учаскесінде 10 гектар жерге тамшылатып суару арқылы картоп екті. 2019 жылы тұқым шаруашылығы статусын алды. Екі мың тоннадан астам тұқым дайындаса, соның жартысын өзге аудандағы шаруашылықтар сатып алуда. Бізбен кездескен төрағаның сенімді өкілі Сәкен Шағыртаев жұмыстарын баян етті.

«Шаруашылық «Таң» ауылының өзінен бөлек, Мырзабай ахун ауылында 800, Мақпалкөлде 400, көрші Қармақшыдағы Ақжар ауылында 700 гектар жерге күріш екті. Инвестор ретінде қаржы салып, осы ауылдардағы тұрғындардың жұмысқа орналасуына ықпал жасап отыр. Қазір күзгі жиын-терімнің 90 проценті бітіп тұр. Жалпы гектарына 70 центнердің үстінде аламыз деген болжам бар. Былтырға қарағанда шығымы да жақсы. Судан аздап тапшылық болды, бірақ дер кезінде бастырып үлгердік. Әртараптандыру мақсатында бақша да өсіреміз. 70 гектар жүгері, 500 гектардан астам жоңышқамыз егілді. Мұны да келешек мал бағытындағы жұмыстарымызға пайдалансақ дейміз. Жыл сайын техника жаңартылып отыр. Жалпы 2011 жылдан бері заманауи ауыл шаруашылығы машиналарын алып келеміз. Жаңа технология мен шаруашылық көліктерінің бізге үлкен көмегі бар. Осының арқасында жоғары өнім алып, облыста алдыңғы қатардан көрініп келеміз. Технология дегенмен де, күрішке тәжірибелі маман қажет. Өз басым серіктестіктегі еңбеккерлерді мақтан тұтамын», – дейді ол.

Бүгінде жаңа үлгідегі 20 комбайн, 8 жатка, жер өңдейтін арнайы 6 трактор өзінің соқасы, тұқымсепкішімен, «ХТЗ» тракторының 25 данасы шаруашылықтың бар қызметіне жарап тұр. Бұған МТЗ-80 тракторының бірнешеуін қосыңыз. Мұның өзіне шаруашылық 1 млрд 200 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Көбіне-көп нарық сұранысына орай «Лидер» сортын егетін шаруашылық өз жұмысшыларына жағдай жасап тұр. Жалақы тұрақты, әр айдың 10-ы күні беріледі.

Сапар барысында шаруашылыққа қарасты егістікті аралап, еңбек адамдарымен тілдесуді жөн көрдік. Мұнымыз бұлжымас әдет еді. Сол қарқынмен атыз жағалап күріш бастырып жүрген комбайндар тұсына жақындадық.

«Қарамағымда 28 адам бар. Оның ішінде 21-і күрішші болып еңбек етеді. Бригада биыл 580 гектар «Лидер» сортын екті. Қазір өнім гектарына 75 центнерден келіп тұр. Ең жоғарғысы Өмірғали Қуанышов әр гектардан 83 центнер күріш жинады. Шаруашылық құрылғалы осында еңбек етіп келемін», – дейді  3-бригаданың бригадирі Төремұрат Ахметов.

Бригадирдің айтуынша, ыстық тамақ дала қосынына арнайы тасымал машинамен әкелінеді. Шаруашылықтың жұмысшыларға деген қызмет көрсету сапасы өте жақсы.

«Өзімде мынадай қағида бар. Егіншіге дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды. Неге екенін білесіз бе?! Айтайын, көкте ұшқан құс та, жердегі жүгірген аң да осы диқан қауымның жерден көрер ырзығы мол болғанын тілейді екен. Өйткені, несібе мол болса оларға да бұйырған ырзық бар деген сөз», – деп ағынан жарылды ол.

Ал Сәкен Шағыртаевтың айтуынша, егін даласынан жиылған күріш облыс орталығына кетеді. Өйткені, күріш ақтайтын зауыты сонда. Неге десек, тапсырыс берушілердің көбі дайын өнімді үлкен қала орталығынан іздейді екен. Жергілікті жерге келуге жол шығындарын ауырсынатыны тағы бар. Қазір «Таң ЛТД» шаруашылығының өнімдері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілес республикаларға кетуде. Негізгі сұраныс та «Лидер» сортына  болып тұр.

Бес жылда бес жүз миллион

Шаруашылықтың алымды істерін байқадық. Ал ауылға берер пайдасы ше?! Санамалап айтсақ, мұндай тіршілік өте көп. Мысалы, ауылда «Тағзым» алаңы қайта жаңаруда. Бұл да шаруашылық төрағасы Имамзада Шағыртаевтың ұсынысымен қолға алынған. Ел қорғаған ерлерін ұлықтаудағы игі іс екені көрініп тұр. Еңселі ескерткіштің сәулетті салынып жатқанын байқайсыз. Ауыл тұрмақ, аудан орталығында да мұндай ескерткіш кездесе бермейді.

Ал 2019 жылы пайдалануға берілген спорт кешені ауыл балаларын екі түрлі спортқа дайындап келеді. Бұл да – шаруашылықтың ауылға салған ғимаратының бірі. 95 бала жаттығады. Дзюдо мен таэквандодан болашақ чемпиондар көбейетіні анық. Жалпы шаруашылық мәдениет үйі, орталық алаң, көшелердегі әр үйлердің сыртқы қоршауы, көркейту-көгалдандыруға қаржы салған. Ауылға сән берер үлкен әсем сағат та орнатқан. Жыл сайын көше жолдарын тазалау, гүл өсіру сияқты жұмыстарды тұрақты істеп отыр.

«2011 жылы шаруашылықтың озат еңбеккеріне екі «Лада-2117» автокөлігін сыйладық. Содан бері бұл үрдіс тоқтаған емес. 2016 жылдан бастап бұл көбейді. Өйткені, көрші ауылдардағы шаруашылық жұмысшылары да бұл марапаттан тыс қалмау керек қой. Былтыр 6 машина берілді. 28 млн теңге шамасында қаржы жұмсадық. Бұған қоса тағы үш автокөлік алып, шаруашылықтың белді қызметінде жүрген азаматтарға қызметтік көлік ретінде мінгіздік. «Таңнан» бөлек, инвестор ретінде қамтып отырған үш ауылға 200 млн теңге осындай сыйақыға жұмсалды. Ал биыл арнайы автосервиске тағы да алты жеңіл көлікке тапсырыс бердік. Қараша айының басында келеді. Жыл соңын қорытындылап, арнайы сабантой рәсімінде өз озаттарымызға береміз деген жақсы жаңалығымыз бар», – дейді С.Шағыртаев.

Шаруашылық көлік қана емес жұмысшыларына сыйақы тағайындайды. Ең алды миллиондап қаржы алып, қуанышқа кенеледі.

«5 жылдан бері «Таңда» әлеуметтік нысандар сала бастадық. Оған дейін елдегі үй салу, басқа да тұрмыстық жағдайларға байланысты көмек беріліп келді. Қазір серіктестік балабақша, спорт кешенін тұрғызып, орталықты көріктендіру жұмыстарын жүргізді. Кіреберістен бері қарай жол бойы мен кейбір көшелер жарықтандырылып, жиегіне тал отырғызылды. Қоршауының өзіне 10 млн теңге кетті. Шаруашылықтың екі бригадасы сол екі жақтағы егілген талдардың жағдайына жауапты болып бекітілген. Жалпы өз ауылымызға бес жыл ішінде 500 миллион теңге қаржы салдық», – дейді төрағаның сенімді өкілі.

«Жаңақоныс» жаңарады

«Таң» ауылының іргесінде «Жаңақоныс» ауылы бар. 70-жылдары басқа аудандардан қоныс аударғандар осы жерге тұрақтаған. 30 шаңырақ тұрады. Арасы 2 шақырым жер. Осы екі аралықтағы жол қатынасын жөндеуге шаруашылық техника мен қаржы бөліпті.

«Кіреберіс жолдан айналып әкеліп, жерін биіктетіп, жаңа жол төсеп жатырмыз. Жүк көлігін осы жолмен жүргізбекпіз. Бізде екі эксковатор бар. Көктемде, жазда каналдар тазалауға пайдалансақ, қалған бос кезде осындай ауылдың керекті шаруаларына жегіледі. Ауызсу, жарық жеткізілген. Медпункт жұмыс істеп тұр. Біздің ет өңдеу цехымыз да осында орналасқан. Жылына 4-5 отбасы көшіп келуде. Келешек осы маңайға қоныстанатын не бөлек үй салатындар көбейеді деп ойлаймын. Өйткені, «Таңның» өзінде үй салатын жер таршылық етуде. «Жаңақоныста» мектепке баратын 30 шақты бала бар. Арнайы шағын автобус бөлініп, екі мезгіл балаларды мектепке тасиды», – дейді Сәкен.

Тағы бір жаңалық, шаруашылық басшылары мектеп оқушыларына домбыра үйретуге ықпал жасапты. Сәкеннің айтуынша, шаруашылық тарапынан музыка пәнінің жетекшісіне 15 домбыра берілген. Үйірме құрылып, қазір жұмыс жүруде. Сондай-ақ лагерь мен түрлі жарысқа баратын оқушылар мен жетекшілеріне де ұдайы қолдау көрсетіледі.

«Таңда» жасалған

Таң ауылында жартылай дайын ет өнімдерін дайындайтын цех жұмыс істейді. «TAN FOOD» маркасымен шығатын цех жеті түрлі өнімді нарыққа шығармақ.

Сәкен Шағыртаев цех құрылысын екі жыл бұрын бастаған. Карантиндік шектеулерге байланысты жұмысы кешеуілдеген жобаның қарқыны биыл жаман емес. Кәсіпті өрістетуге аймақтағы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көмектескен. Қазір ауылдағы цехта бес адам тұрақты жұмыс істейді.

«Мақсат – облысты ет өнімдерімен қамтамасыз ету. Серіктесімізбен бірге қабылдаған жобаның жалпы құны 144 миллион теңгеден асады. Ал біздің корпорация бұған 56 миллион теңгеден астам қаржы құйды. Бұған цехқа керекті мал сою және  етті өңдеуге арналған құрылғылар сатып алынды. Өз өнімдерін жақын күндері облыстағы дүкендерге сатылымға шығарады», – дейді Сәкен.

Шағын өндіріс орнында күніне 5 ірі қара союға болады. Цех толықтай заманауи жабдықтармен жарақталған. Мал жартылай автоматты түрде сойылады. Манты, тұшпара, фарш пен котлет секілді жартылай дайын өнімнен бөлек, «Сыбаға», «Бір асым ет» атымен арнайы қаптамадағы сиыр мен жылқы еті де дайындалады. Қосымша қазы-қарта, жал-жая да бар.

Кәсіпкердің ендігі арманы – цехты үлкен ет комбинатына айналдыру. Украиналық құрылғы алыпты. Бұқтырылған ет консервісін жыл соңынан шығара бастайтынын да айтты. Әзірге дайын өнімдер келісім-шарт арқылы аудан мен қала дүкендеріне жеткізілетін болады.

Түйін. Мынадай бір қызық дерек бар. Мына көрші Шымкент, дұрысы Түркістан облысы дейікші, бір айда 2 мың тонна күріш тұтынады. Біздің Қызылорда мың тоннадан аса пайдаланады бір айда. Көрші облыста халық көп қой. Айтпақшы, бұл карантин алдындағы дерек. Ол кездегі аста-төк жағдай белгілі ғой. Қазір жиын-той азайды. Бірақ, бұл күріш нарығына кері әсерін тигізді деген сөз емес. Өйткені, Сырдың басты дақылы шет ел асқалы көп жыл өтті. Күріштің құнарын құнттай білген біздің диқандар мың мәрте құрметке қашаннан лайық болатын. Маңдай терін мақтаныш еткен «Таң» ауылының егіншілері де осы саптың қатарында.

Автор: Ержан Қожасов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1942872-batys-europa-batys-qytai-avtobanynyn-boiynda-ornalasqan-tan-auyly-turaly-ne-bilemiz/