Ресейде белгісіз біреу балабақшада атыс шығарып, бала күтуші мен екі бүлдіршін көз жұмды
Жарияланған күні:
Ресейдің Ульянов облысында балабақшаға қаруланып барған ер адам атыс шығарып, салдарынан бір бала күтуші мен екі бүлдіршін мерт болды, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Агенттік дереккөзінің ақпаратына сүйенсек, ер адам балабақшаға кіріп, күтуші мен екі баланы атқан. Артынша өз-өзіне қол жұмсаған.
Сонымен қатар дереккөз бұл шабуылға бұрынғы тұрмыстық кикілжің себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Одан бөлек ақпарат беруші адам шабуыл балалар тынығып жатқан уақытта жасалғанын мәлім еткен.
Шабуылдан балабақшадағы тағы бір қызметкер оқ жарақатын алған. Өңірдің денсаулық сақтау басқармасы қазір зардап шеккен азаматшаға барлық тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеген.
Аталған жайтты облыс билігінің баспасөз қызметі де растап, шабуыл жасаған азамат өзіне қол салғанын хабарлаған.
"Вешкаймадағы жантүршігерлік оқиғаға қатысты айтарым: жергілікті билік өкілдерімен және депутат корпусымен сөйлестік. Алдын ала ақпарат бойынша, бір бала күтуші мен 2016, 2017 жылы туған екі бала көз жұмған", - деп жазды Ресей мемлекеттік думасының өңірдегі депутаты Сергей Морозов Telegram арнасында.
Сонымен қатар Ташкентте жұмыс бабымен жүрген облыс губернаторы Алексей Русских та шұғыл түрде оқиға орнына келе жатыр. Ол марқұмдардың жанұясына көмек көрсетуді тапсырған.
"Алдын ала дерек бойынша, қару оқ атқан адамға емес, басқа адамға тиесілі", - дейді облыстың вице-губернаторы Александр Коробко.
"112" Telegram арнасының мәліметінше, балабақшада атыс шығарған ер адам 26 жастағы жергілікті тұрғын. Оның қылмысқа не себепті барғаны әлі белгісіз.
Сондай-ақ дереккөз оның қолындағы қаруы көршісіне тиесілі болуы мүмкін екенін атап өтті. 26 жастағы жігіт таңертең әкесімен және көршісімен бірге орманға аттанған екен. Кейін көршісінің денесі балабақшаға жақын жердегі қоқыс тастайтын орыннан табылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1966902-reseide-belgisiz-bireu-balabaqsada-atys-sygaryp-bala-kutusi-men-eki-buldirsin-koz-zumdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.