Путин күзде ҰҚШҰ-ның әскери оқу-жаттығуы Қазақстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда өтетінін айтты
Жарияланған күні:
ҰҚШҰ саммитінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда ҰҚШҰ-ның бірлескен оқу-жаттығулар сериясы өтетінін мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ресей президенті саммитте сөйлеген сөзінде осы жылдың қаңтар айында Қазақстанда өткен ҰҚШҰ бітімгершілік контингентінің іс-қимылын атап өтті.
"ҰҚШҰ Ұжымдық күштерінің контингенті Қазақстандағы билікті экстремистердің басып алуына жол бермеді... Бұл республикадағы ішкі саяси жағдайды тез тұрақтандыруға көмектесті", - деді Путин.
Путиннің айтуынша, осы күзде Қазақстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда ҰҚШҰ оқу-жаттығуы өтеді.
"Осы жылы күзде Қазақстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда біздің ұйымның оқу жиындарының тұтас сериясын өткізу жоспарланған. Бұл шаралар мемлекеттеріміздің әскери дайындығы мен әскери құрылымдарының үйлесімділігінің артуына, жалпы бітімгерлік әлеуеттің күшеюіне мүмкіндік туғызатынына сенімдімін", - деді Ресей президенті.
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай Мәскеуде өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысқанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1969546-putin-kuzde-uqsu-nyn-askeri-oqu-zattyguy-qazaqstanda-qyrgyzstanda-tazikstanda-otetinin-aitty/