Шри-Ланкада тек бір күнге жететін жанармай қоры қалды
Жарияланған күні:
Шри-Ланканың премьер-министрі Ранил Викрамасингхе елдегі жанармай қоры тек бір күнге жететінін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Adaderana басылымына сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта бізде тек бір күнге жететін жанармай қоры бар", - деді Шри-Ланканың премьері.
Ол жақында келген дизель отынының партиясы бұл ресурстың жетіспеушілігін ішінара шешетінін атап өтті. Оның сөзінше, елге жанармай 18 және 29 мамырда екі рет жеткізіледі деп күтілуде.
Сондай-ақ 18 мамыр мен 1 маусымда үнді несие желісі бойынша дизель отыны екі топтамамен келуі қажет. Викрамасингхе шикі мұнай мен мазут бар үш кеме Шри-Ланка теңіз аймағында 40 күннен астам уақыт бойы тұрғанын да атап өтті.
"Біз олардың құнын төлеу мақсатында ашық нарықта доллар алу үшін жұмыс істеп жатырмыз", - деп түсіндірді ол.
Одан бөлек, Шри-Ланка премьер-министрі күнделікті электр қуатын өшіру тәулігіне 15 сағатқа дейін артуы мүмкін екенін айтты. Өйткені электр энергиясының төрттен бір бөлігі мұнай арқылы өндіріледі.
Сонымен қатар ол ел тұрғындары ерекше мұқтаж дәрі-дәрмектің 14 түрінің тапшылығы бар екенін мәлімдеп, үлкен шығынға ұшырап отырған SriLankan Airlines әуе компаниясын жекешелендіруді ұсынды.
Айта кетейік, Шри-Ланка қазір валюталық дағдарысты бастан кешуде. Ел үкіметі пандемия экономикаға айтарлықтай зиян келтіргенін айтып отыр. Себебі елдегі негізгі табыс көздерінің бірі - туризм саласы соңғы екі жылда тұралап қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1969608-sri-lankada-tek-bir-kunge-zetetin-zanarmai-qory-qaldy/