Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күніне 10 мыңға жуық адам қырылған": Руандадағы тутси халқына қарсы геноцид жайлы не білеміз

Опубликовано:

Руандадағы қанды қырғыннан аман қалған әйелдер
Фото: БҰҰ/М.Грант

ХХ ғасыр ғылым мен техникалық өркениеттің ғана емес, адамзатқа қарсы ең қатыгез қылмыстар жасалған кезең ретінде есте қалды. Тереңге бойламай-ақ, 1994 жылы шығыс Африкадағы Руанда елінде болған қанды қырғын соның айшықты мысалы. Бұл елдегі геноцид салдарынан 13 аптада 800 мыңнан аса адам асқан жауыздықпен өлтірілген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

БҰҰ ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Руандадағы тутси халқының геноциді 1994 жылы 6 сәуірде осы елдің президенті ұшақта кетіп бара жатқан жерінен атып түсірілген соң басталған. Хуту халқынан шыққан көшбасшылар президенттің өліміне этникалық тутсилерді кінәлап, келесі күні арнайы ойластырылған әдіс-тәсілдерімен оларды қырып-жоюды бастап кеткен. 13 аптада елде 800 мыңнан аса адам ажал құшқан. Оның ішінде адам өлтіруден бас тартқан хуту халқының өкілдері де болған.

Бұл қатыгездіктің орта ғасыр емес, XX ғасыр соңында орын алғанына сену қиын. Айналасы 100 күннің ішінде ел халқының саны 20 пайызға азайған.

Тутси халқын қырып-жою алдын ала бірнеше ай бұрын жоспарланған. Ол үшін жергілікті халықтан қарулы жасақтар құрылып, бұқаралық үгіт-насихат жүргізілген. Қару ретінде қолдану үшін ұлттық мачете-пышақтары сатып алынып, тұрғындарға таратылған.

Геноцидті ұйымдастырушылар ешкімді аямаған - балалар мен жүкті әйелдерді де, қарияларды да қырып салған. Ал мектептер мен шіркеулерге тығылған адамдарды граната тастап, тірідей өртеп жіберген.

Айта кетейік, Руандадағы геноцид хуту және тутси атты этникалық топтардың арасында ұзаққа созылған текетірес салдарынан туындаған. Руанда халқының шамамен 85 пайызы хуту, 14 пайызы тутсиліктер болған.

Алайда тарихи себептермен елдегі билік пен жоғарғы мәртебе тутсиліктерге тиесілі болып келген. 1990 жылдан бастап 3 жыл көлемінде елде азаматтық соғыс жүреді. Ал 1994 жылы елде әскери төңкеріс орын алып, билік хуту өкілдерінің қолына ауысады.

Жаңа үкімет әскері хутудан тұратын халық жасағының көмегімен өздерінің байырғы жауы - тутсиліктерге қарсы қырып-жою жоспарын іске асырған.

Мемориал
Бірнеше әскери қаза тапқан ғимарат бүгінде мемориалға айналған: wikipedia.com

"Қырғын басталған алғашқы 48 сағат ішінде ел астанасы Кигали мен басқа аудандарына әлемнің үздік әскері саналатын Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Италиядан 2000 әскери келіп жетті. Олар өз отандастарын және бірқатар руандалықты эвакуациялау үшін келді. Олар жерде жатқан мәйіттерге аяқтары шалынып, қанның иісін сезсе де, айналасында болып жатқан зұлымдыққа мән бермеуге тырысып, өз миссияларын орындаудан жаңылған жоқ.

Ал маған бітімгершілік операциялар бойынша департаменттен хабарласып, ешкімнен көмек күтпеу керек екенін жеткізді. Ешкім руандалықтарды құтқаруға келмейтіні белгілі болды. Радиодан адамдарға қалай зорлық-зомбылық көрсетіп, өлтіру керектігі жөнінде хабар таратылып жатты.

Руандадағы геноцид
Фото: pro.magnumphotos.com

Бұл уақытта мен радиостанцияларды өшіру жөнінде өтініш жасадым", - деп жазды кейін бұл оқиға туралы миссияның бұрынғы командирі генерал Ромео Даллэр.

Азапқа толы күндерде ғажайыптың күшімен аман қалған Эрик Нзамбихимана қуғын-сүргіннен қалай қашқанын айтып берді.

"Мен француз әскеріне жағдайды түсіндіріп бақтым, бірақ олар бізді түсінгісі келмеді. Аяқ астында қан-жоса боп жатқан мәйіттерді көре тұра, бізге ешқандай да көмек бере алмайтынын айтты. Біз оларға жалынып, жалбарындық, бірақ онымыздан түк шықпады. Бізден құтылу үшін олар үш күннен кейін оралатынын айтып уәде беріп кететін, бізге тек тығылудан басқа амал қалмады", - дейді Эрик.

Руандадағы геноцид
Фото: interesnyefakty.org

Сол жылдың 22 сәуірінде геноцид құрбандарының саны 100 мыңнан асып жығылған. Руандада бірен-саран бітімгерлік әскер қалды. Ромео Даллэрдің сөзінше, өз үйінен қуылып, өлтіріліп, қорланған миллиондаған адамнан тек 30 мың адам құтқарылған. Тиісті бұйрықты БҰҰ құрамындағы елдердің еркін білдіретін Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған. Бұл халықаралық қауымдастықтың ортақ шешімі болған.

Генерал Даллэр жергілікті экстремистік радиостанцияның үгіт-насихатын тоқтату туралы өтінішіне ешкім құлақ аспағанын айтады.

"Бұл радиостанцияның елге әсерін болжап айту мүмкін емес, радио бұл елде жалғыз коммуникация құралы болып естептелді, тіпті кейбір алыс ауылдарға радиодағы дауыс құдай сөзімен тең қабылданды. Радиодан адамды қалай өлтіру керектігі жөнінде толық инструкция берілді. Мен сол уақыттарда оны жабуға барынша күш салдым. Бірақ маған радиостанция тәуелсіз мемлекеттің меншігі болғандықтан, оған араласуға құқығымыз жоқ деген жауап келді", - дейді генерал.

Руандадағы геноцид
Фото: urokiistorii.ru

1994 жылы 17 мамырда, қанды қырғын басталғаннан кейін 1,5 айдан соң Қауіпсіздік кеңесі Руандаға халықаралық контингентті енгізу туралы шешім шығарды. Әскерилер бұл елге тек тамыздың басында барды. Ал бұл уақытта жағдай тұрақталған болатын.

Деректерге сүйенсек, 6 сәуірден 18 шілдеге дейінгі уақыт ішінде кем дегенде 1 миллион адам геноцидтің құрбаны болды. Орта есеппен күніне 10 мыңға жуық адам қырылған.

Ал 2002 жылы геноцид сияқты аса ауыр қылмыстарды қарайтын Халықаралық сот құрылды. Ол мемлекеттің өзі геноцидті қарастыруға мүмкіндігі немесе құлқы болмаған жағдайда бұл қылмысты зерттеуге кірісе алатын ұйым болып белгіленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1971672-kunine-10-mynga-zuyq-adam-qyrylgan-ruandadagy-tutsi-xalqyna-qarsy-genocid-zaily-ne-bilemiz-foto/

pixel