Түркия Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруіне келісім берді
Жарияланған күні:
Мадридте өткен НАТО саммитінде Түркия, Финляндия мен Швеция үшжақты меморандумға қол қойды. Ол Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруіне мүмкіндік ашады.
Үш ел арасында келісімге қол қойылғаны туралы НАТО-ның ресми сайтында хабарланған.
28 маусымда Мадридте Түркия, Финляндия және Швеция басшылары кездескен. Кездесудің модераторы НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг болды.
Тараптар Түркияның қауіпсіздік мәселелеріне қатысты шешім жазылған және осылайша Финяндия мен Швецияның НАТО-ға кіруіне мүмкіндік беретін үшжақты меморандумның шарттарына келісті.
Меморандумға мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері үш елдің көшбасшысы мен НАТО бас хатшысының қатысуымен қол қойған.
"Мен осы үшжақты меморандумға қол қоюды және келіссөздер барысында үш елдің де көрсеткен конструктивті көзқарасын құптаймын. Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуы Финляндия мен Швеция үшін де, НАТО үшін де, Еуропа қауіпсіздігі үшін де пайдалы", - деді Столтенберг.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1976101-turkiya-finlyandiya-men-sveciyanyn-nato-ga-kiruine-kelisim-berdi/