Еуропа елдерінде ауа температурасы күрт көтерілді
Жарияланған күні:
Бірқатар Еуропа елінде ауа температурасы күрт көтерілді. Франция мен Ұлыбританияда қатты ыстық болатыны туралы ескертулер жарияланды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Би-би-си басылымына сілтеме жасап.
Басылымның ақпаратынша, Ұлыбританияда алдағы уақытта тарихтағы ең ыстық күн тіркеледі деп күтілуде.
Жақында Францияның Нант қаласында ауа температурасы +42 градусқа дейін көтерілген. Испанияның солтүстігінде сынап бағаналары +43 градусты көрсеткен.
Ал Ұлыбританияда синоптиктер +40 градус ыстық болады деп болжап отыр, бұл елде бұрын-соңды тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш болуы ықтимал.
Нидерландтың Вестдорп қаласында дүйсенбі, 18 шілде - жыл ішіндегі ең ыстық күн ретінде тіркелген. Шаһарда ауа температурасы +33 градустан асқан.
Сонымен қатар Бельгия мен Германияда да күн райы +40 градусқа дейін ысиды деп күтілуде.
Осы орайда аптап ыстық салдарынан Франция, Португалия, Испания мен Грецияда орман өрті өршіп тұр. Соның салдарынан 30 мың адам үйінен кетуге мәжбүр болған.
Еске сала кетсек, бұған дейін өткен аптада Испания мен Португалияда аптап ыстықтан қайтыс болғандар саны мыңнан асқанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1979187-europa-elderinde-aua-temperaturasy-kurt-koterildi/