"Ешқандай дүрбелең жоқ": қазақстандық әйел Стамбұлда лаңкестік әрекеттен кейін не болып жатқанын айтып берді
Жарияланған күні:
Қазір Түркияда тұратын қазақстандық Индира Кая Стамбұлда қала орталығында болған жарылыстан кейін не болып жатқанын айтып берді. Оның сөзінше, тұрғындар арасында ешқандай дүрбелең жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Еске сала кетейік, өткен жексенбі, 13 қараша күні Түркияның Стамбұл қаласында жарылыс болып, салдарынан 6 адам қаза тауып, 80-нен астам адам жарақат алды.
14 қарашада еліміздің Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.
Сол арада "Еуразия бірінші арнасының" тілшілері қазір Стамбұлда тұратын қазақстандық әйелмен тілдесіп, ондағы ахуалды сұраған.
"Қазіргі уақытта Истикляль көшесі жаяу жүргіншілер үшін ашық. Сол аудандағы дүкендер де әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Тұрғындар арасында ешқандай дүрбелең жоқ", – дейді Индира Кая.
Бүгінде дүкен иелері павильондарын ретке келтіріп үлгерсе, қайғылы жағдайға бей-жай қарамаған жандар құрбандарды еске алып, оқиға орнына гүл шоқтарын әкеліп жатыр. Дүрбелеңнің жоқтығына қарамастан, оқиға куәгерлері жексенбідегі жарылысты үреймен еске алады.
"Бүкіл жер қан болды, адамдар ұлдарын, қыздарын шақырып жатты. Сыртқа шығып үлгергенімде екі адамның жерде қимылсыз жатқанын көрдім", – дейді сатушы Мечит Бал.
Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Ішкі істер министрлігі жарылысты лаңкестік әрекет деп атап, оған қатысы бар деген күдікпен 46 адамды ұстаған еді. Ішкі істер министрлігінің басшысы шабуылды ұйымдастырушылар Күрдістан жұмысшы партиясы мен Күрдтердің халықтық қорғаныс жасағы болуы мүмкін екенін айтады. Екі ұйым да Түркияда террористік ұйым деп танылған.
"Түркия парламенті бірнеше жылдан бері Сирия мен Ирактың Күрд күштеріне қарсы әскери арнайы операция жүргізуді қарастырып келеді. Менің ойымша, мына жайттан кейін Түркия бұл елдерге әскер жіберуді жеделдетуі мүмкін", – дейді қазақстандық саясаттанушы Нұргелді Әбдіғалиұлы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1997178-esqandai-durbelen-zoq-qazaqstandyq-aiel-stambulda-lankestik-areketten-keiin-ne-bolyp-zatqanyn-aityp-berdi/