Жер шары халқының саны 8 миллиардқа жетті
Жарияланған күні:
Сейсенбі, 15 қарашада Жер шары халқының саны 8 миллиардқа жетті. Мұндай деректі Worldometers сайты хабарлап отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бүгін әлемнің сегіз миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді. Бұған дейін мұны БҰҰ өкілдері болжаған.
БҰҰ ресми сайтында 2022 жылдың 15 қарашасына қарай әлем халқының саны 8 миллиард адамға жетеді деп хабарланды. Сондай-ақ сарапшылардың пікірінше, Үндістан халық саны жағынан Қытайды басып озып, 2023 жылы әлемдегі халқы ең көп елге айналады.
Сонымен қатар, БҰҰ өкілдері 1950 жылдан бері әлем халқының өсу қарқыны аздап төмендегенін атап өткен. БҰҰ соңғы болжамы бойынша, әлем халқының саны 2030 жылы шамамен 8,5 миллиардқа, ал 2050 жылы 9,7 миллиардқа жетуі мүмкін. 2080 жылдары әлем халқының саны 10,4 миллиардқа жетіп, 2100 жылға дейін осы деңгейде қалуы мүмкін.
Сонымен қатар, БҰҰ деректері бойынша 2050 жылға қарай әлем халқының болжамды өсімінің жартысынан астамы сегіз елде шоғырланатын болады. Бұл елдер қатарында Конго демократиялық республикасы, Египет, Эфиопия, Үндістан, Нигерия, Пәкістан, Филиппин және Танзания біріккен республикасы бар.
Еске сала кетейік, әлем халқының саны 2011 жылдың 31 қазанында 7 миллиард адамға жеткен. Бұл туралы да БҰҰ ресми сайтында хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1997254-zer-sary-xalqynyn-sany-8-milliardqa-zetti/