Түркияның 10 провинциясында үш айға төтенше жағдай режимі енгізілді
Жарияланған күні:
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен елдің 10 провинциясында үш айға дейін төтенше жағдай режимі енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Біз тек Түркия тарихындағы ғана емес, аймақтағы, жалпы әлемдегі ең ірі апаттардың бірімен бетпе-бет келіп отырмыз. Апат аймағындағы жұмысқа барлық мемлекеттік құрылымның күші, қызметкерлері мен техникасы жұмылдырылды. Бірінші кезеңде апат аймағының тұрғындарына шұғыл көмек көрсету үшін 100 млрд лира бөлінді", - дейді Түркия президенті.
Басылым таратқан мәліметке сәйкес, жер сілкінісі болған аймаққа 54 мың шатыр, 102 мың төсек-орын, тағы басқа қажетті заттар жөнелтілген.
Сондай-ақ басылым апат аймағында 1000-ға жуық жедел жәрдем көлігі мен екі санитарлық авиация кезекшілік етіп жатқанын, одан бөлек 10 провинцияның тұрғындарына 5 мың медицина қызметкері көмек көрсетуде екенін жазды.
Ердоғанның сөзінше, қазір апат аймағында 53 317 құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Саясаткер олардың саны басқа мемлекеттерден келген құтқару жасақтарының арқасында күн санап артып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар басылымның хабарлауынша, Ердоған елді бірлесіп, ынтымақтасып ауқымды жер сілкінісінің зардаптарымен күресуге шақырған.
"Біз жалған ақпарат тарату арқылы қоғамды жікке бөлу әрекетін көріп отырмыз. Барлығына уақыты келгенде жауап аламыз", - дейді ол.
Еске сала кетейік, 6 ақпанда Түркияның Газиантеп қаласының маңында магнитудасы 7,5 болатын жойқын жер сілкінісі болды.
Жерасты дүмпулері тағы бірнеше провинцияда, сондай-ақ Сирия мен Ливанда сезілді. Төтенше жағдайға байланысты Түркияда жеті күндік аза тұту күні жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2008448-turkiyanyn-10-provinciyasynda-us-ai-merzimge-totense-zagdai-zariyalandy/