Қодаспен көкпар тартатын халық жайлы не білеміз
Жарияланған күні:

Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Бұл ұлттық спортта қазақтар, қырғыздар өзбектер, атты пайдаланса, Қытайдың Шыңжан провинциясында тұратын тәжіктер қодаспен көкпар тартып туристер арасында танымал болуда, деп жазады "Онлайн Халық" газеті.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, қодаспен көкпар тарту - Шыңжаңның Ташқұрған тәжік автономиялық ауданында кең таралған дәстүрлі халықтық спорт түрі.

Бұл спорт 2009 жылы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық регионы материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген. Соңғы жылдары бұл ерекше дәстүрлі спорттық іс-шара туристер арасында танымал бола бастаған.

Басылымның жазуынша, Ташқұрған тәжік автономиялық ауданы Памир үстіртінің шығыс етегінде орналасқан, теңіз деңгейінен орташа биіктігі 4000 метрден асады. Ал қодас - Ташқұрған ауданының фермерлері мен малшылары өсіретін негізгі мал түрлерінің бірі және жергілікті халықтың тұрмысымен етене байланысты жануар.

"44 жастағы Бижан Бегуаз - Ташқұрған ауданының тұрғыны. Қодаспен көкпар тартудың материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік мұрагері ретінде оның көкпаршылық өнері елден ерек.
Ташқұрған ауданындағы той-томалақта қодаспен көкпар тартып, мерекенің мерейін асыру бұл ауылдың дағдысы. Қазіргі уақытта Бижан туристерге осы ерекше спорт түрін таныстыру үшін ауданның мәдени туризм мекемесі ұйымдастыратын ауқымды іс-шараларға қатысады", - деп жазады басылым.

Басылым дерегінше, қазір Бижанның отбасында 50-ге жуық қодас бар. Ол бала кезінен бастап қодас жануарымен жақсы таныс, 14 жасында әкесіне мұрагерлік етіп, қодаспен көкпар тартқанды үйреніп, ауыл арасында атағы шыға бастаған.

Сондай-ақ Бижан 2019 жылы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық регионында материалдық емес мәдени мұраның өкілді мұрагері болып таңдалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2016999-qodaspen-kokpar-tartatyn-xalyq-zaily-ne-bilemiz-foto/