Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

1 мамыр мерекесі: әлем елдерінде бұл күн қалай тойланады

Опубликовано:

Күлгін түсті бөртегүл
Мамырда өсетін хош иісті мамыргүл. Көрнекі сурет: pixabay.com

1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкіліне қасиетті шаңырақ болған қазақ жерінде бұл күн ерекше тойланады. Бірлік күнінің тарихы қандай? Әлем елдерінде 1 мамыр қалай аталып өтеді? Бұл мақаламызда 1 мамыр мерекесі туралы қызықты мәліметтер ұсынамыз.

1 мамыр кей елдерде халықаралық жұмысшылар күні деп аталады. Бұл жөнінде Britannica энциклопедиясының редакторы Адам Августиннің мақаласында мынадай мәліметтер ұсынылған:

  • Чикагода болған Хеймаркет толқуына сәйкес 1889 жылы 1 мамыр "Жұмысшыларды қолдау күні" деп жарияланды. Ал бес жылдан кейін АҚШ президенті Гровер Кливленд жұмысшылар күнінің социалистік сипатына алаңдаушылық танытып, кей штаттарда қыркүйектің бірінші дүйсенбісінде өтіп жүрген "Еңбек күнін" ресми мереке ретінде бекітті. Бұл мерекені атап өтуге көп ұзамай Канада да қосылды.
  • Ортағасырлық Еуропада 1 мамыр көктемнің оралуын тойлауға арналған мереке ретінде белгілі болды. Бұл мейрам ежелгі ауылшаруашылық ғұрыптарды жүзеге асырудан туындаса керек. Гректер мен римдіктер осыған ұқсас фестивальдар ұйымдастырды. Қазіргі Еуропада ескі әдет-ғұрыптар өзгергенімен, мейрам күні дала гүлдерін жинау, гүлдестелер тоқу секілді үрдістер әлі күнге дейін бар.
  • 1 мамыр күнін тойлау Кеңес Одағының құрамындағы елдер үшін еңбек адамдарының мәртебесін асқақтататын маңызды мерекеге айналды. Алаңдарда 1 мамырға арналған шерулер дәстүрлі түрде ұйымдастырылды.
  • Германияда 1933 жылы нацистік партия бой көтергеннен кейін "Еңбек күні" ресми мерекеге айналды. Бір қызығы, Германияда 1 мамыр заңды түрде бекітілгеннен кейінгі күні-ақ еркін кәсіподақтардың жұмысы тоқтап, неміс жұмысшы қозғалысы іс жүзінде жойылды.

Кеңес Одағы ыдыраған соң және ХХ ғасырдың аяғында Шығыс Еуропадағы коммунистік үкімет құлағаннан кейін бұл елдерде 1 мамырды кең көлемде атап өту маңызын жоғалтты. Дегенмен дүние жүзінің көптеген елінде 1 мамыр мемлекеттік мереке ретінде қалыптасып үлгерді.

Австралиядағы 1 мамыр

Австралиялық мейірбике ісі және акушерия федерациясының сайтында жарияланған "May Day in Australia" атты мақалада жұмысшылардың ауыр әрі ұзақ жұмыс күніне наразылығының нәтижесінде 1 мамырдың мемлекеттік мерекеге айналғаны жазылған. Австралияда 1 мамыр қалай аталып өтеді?

1 мамырда аталып өтетін "Еңбек күні" австралиялықтар үшін өте маңызды. Австралиядағы "Еңбек күнінің" бір ғасырдан астам тарихы бар. Бұл күні халық еңбектің әділ бағалануы үшін күрескен жандарды еске алады. Өйткені 1800 жылдары жұмыс күні тым ұзақ әрі ауыр болатын, кейбір қара жұмысшылар аптасына алты күн, тәулігіне 12 сағатқа дейін жұмыс істеді.

1856 жылы 21 сәуірде Мельбурн университетінің тас қалаушылары сегіз сағаттық жұмыс күнін енгізуді талап етіп, парламент ғимаратына қарай шеруге шықты. Ақырында жұмыс берушілер тарапынан 48 сағаттық жұмыс аптасы мен сегіз сағаттық жұмыс күнін бекітуге келісім берілді.

Глобус суреті
Жер шарын бейнелеген глобус. Көрнекі сурет: pixabay.com

Еңбек күні қай елдерде аталып өтеді?

Жұмысшылар қозғалысының ғасырдан астам тарихы бар. Еңбек жағдайын жақсартудан бастау алған "Еңбек күнінде" кей елдерде әлі күнге дейін жұмыс мәселесіне қатысты наразылықтар айтылады. Бұл күні әлемнің ірі қалаларында шерулер, тіпті тәртіпсіздіктер де болып жатады. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату, әйелдердің құқығы, келімсектердің еңбек жағдайымен байланысты шерулер әдетте 1 мамырда өтеді. Бұл күнді "Бірінші мамыр наразылығы" деп те айтатындар бар.

Әлемнің 160-тан астам елінде 1 мамыр "Еңбек күні" ретінде аталып өтеді және бұл күн демалыс болып есептеледі. timeanddate.com сайтында жарияланған "Labor Day. May Day" деп аталатын мақалада 1 мамыр мерекесі туралы қызықты ақпараттар берілген.

Ұлыбританиядағы "Белтейн алауы"

Бұл елде 2000 жылдан астам тарихы бар 1 мамыр күні Біріккен Корольдіктің қалалары мен елді мекендерінде әлі де жалғасын тауып келеді. Ежелгі кельттер көктемдегі Белтейн кезеңін от жағу немесе "Белтейн алауын" жағу арқылы қарсы алатын. Оның жоралғылары, соның ішінде мамыр патшайымының тәж кию жорасы және мамыр ағашының айналасында билеу дәстүрі бүгінгі күнге дейін сақталған.

Ұлыбританиядағы 1 мамыр мерекесі 1978 жылы кәсіподақтар ықпалымен бекітілді. Алайда бұл мейрам кәсіпке шығын келтірмеу үшін мамырдың алғашқы дүйсенбісінде аталып өтетін болды.

Көктем мен жұмысшылар мерекесін бірге атап өтетін Финляндия

Фин халқы 1 мамырды қалай атап өтеді? Финдер пұтқа табынушылықпен байланысты көктемгі мерекелерді, католиктік дәстүрлерді және студенттер мен жұмысшыларға құрмет көрсететін ваппу деп аталатын мейрамын бір күнде атап өтеді. Ваппу ұғымы киелі Вальпурги атауынан шыққан. Ол біздің эрамыздың 870 жылы 1 мамырда қасиетті деген санатқа қосылды, ал 30 сәуірден 1 мамырға қараған түн "Вальпурги түні" деп енгізілді.

1 мамыр Финляндияда "Халықаралық еңбекшілер күні" әрі білім алушылар үшін оқу жылының аяқталуымен тұспа-тұс келеді. Қарапайым болу үшін финдер барлық дәстүрді бір күнге біріктіріп, әсем киініп, сима (жеміс ішімдігі) ішіп, мункки (хош иістендірілген тоқаш) және типпалейпя (шұңғы тәрізді торт) жейді. Осылайша ерекше мерекелік кеш ұйымдастырады.

1 мамыр мерекесінен көрініс
1 мамыр мерекесіне арналған шараға қатысқан ұлт өкілдері. Көрнекі сурет: Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстандағы 1 мамыр

Қазақстанда 1 мамыр қалай аталып өтеді? 1995 жылдың наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ал 1996 жылдан бастап 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде тойланып келеді.

1 мамырда қазақ елінің әр өңірінде барлық ұлт өкілдері бас қосып, мерекенің көркін қыздырады. Бұл күні ұлттық киімдер киіліп, ән айтылады, би биленеді, ойындар ойналады. Сонымен қатар әр ұлттық тағамдарымен, қолөнерімен таныстыратын этномәдени көрме ұйымдастырылады. Халықтар достығы мерекесінің мақсаты бір елде өмір сүретін түрлі ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін бір-біріне таныстыру арқылы бірлікті нығайту, ұлт тұтастығын берік етумен байланысты.

Қазақстан халқының бірлігі күні – татулық пен ынтымақтың, келісім мен бірліктің мерекесі. 1 мамыр – қазақ елінде өмір сүріп жатқан барлық ұлт пен ұлыстың достығын арттырып, ынтымағын көрсететін, Отанға деген сүйіспеншілікті ұлықтайтын күн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2018796-1-mamyr-merekesi-alem-elderinde-bul-kun-qalai-toilanady/

pixel