Бүгін Өзбекстанда президент сайлауы басталды
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін, 9 шілдеде Өзбекстанда кезектен тыс президенттік сайлау басталып, дауыс беру учаскелері ашылды. Президенттікке төрт үміткер қатысуда, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өзбекстанда сайлау басталып, дауыс беру үшін сайлау учаскелері ашылды, деп хабарлайды Sputnik Өзбекстан агенттігі.
ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 19,5 миллионнан астам адам тіркеліп, 14 округтік сайлау комиссиясы, 10 784 сайлау учаскесі құрылған.
Шет елдерде азаматтар дауыс беру үшін 39 елде 56 стационарлық сайлау учаскелері ашылған.
Дауыс беру процесі жасырын және жабық кабинада өтеді. Дауыс беру жәшіктері бекітіліп, дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана ашылады. Сайлау 20:00-ге дейін (Астана уақыты бойынша 21:00-ге дейін) созылады.
Өзбекстан президенттігіне кандидаттар:
Ұлықбек Иноятов 2013-2018 жылдар аралығында білім министрі болған. 2018 жылдың маусым айынан бастап Наманган мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған. Ол 2019 жылдың жазынан бастап Халықтық демократиялық партиясын басқарып келеді.
Робахон Махмудова "Адолат" социал-демократиялық партиясынан кандидат. Ферғана облысының қылмыстық істер жөніндегі сотының төрағасы және Өзбекстан президентінің Ферғана облысы бойынша халық қабылдау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ол Сенаттың Ғылым, білім және денсаулық сақтау комитетінің төрағасы болған. 2020 жылдан бастап Өзбекстан Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасары – әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып қызмет атқарып келеді.
Абдушүкүр Хамзаев - Мемлекеттік орман шаруашылығы комитеті басшысының бұрынғы орынбасары және Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы директоры. Ол өткен жылдың желтоқсан айында Экологиялық партияның төрағасы болып сайланған.
Шавкат Мирзиеев - Өзбекстанның қазіргі президенті. 1957 жылы 24 шілдеде Джизах облысының Замин ауданында дәрігердің отбасында дүниеге келген. Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент. Еңбек жолын 1981 жылы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтында бастап, кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Ол 2016 жылдан бері Өзбекстанды басқарып келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2027915-bugin-ozbekstanda-prezident-sailauy-bastaldy/